Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты – Бақыт Нұрмұханов
Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын жетілдіру барысы мен жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде енгізілген негізгі өзгерістер туралы айтып берді.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап әртүрлі арналар арқылы 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, Конституциялық комиссия барлық ұсыныстар, пікірлер мен ескертулерді мұқият зерделеп жатыр.
Дәлірек айтқанда, теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық тұрғыда бекіту ұсынысын жүзеге асыру үшін 2-бап жаңа тармақпен толықтырылды. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге. Теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі. Спикердің айтуынша, азаматтардың өтініштерінде де осындай ұсыныстар болған.
Бұл баптың 6-тармағы 7-тармақ болып өзгертіліп, жоба редакциясында мынадай мазмұнда сақталады: «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді».
Конституция жобасының азаматтық мәселелеріне арналған 12-бабы да нақтылауды қажет етеді деген ұсыныстар айтылуда. Атап айтқанда, 3-тармаққа Қазақстан Республикасының азаматы қос азаматтыққа немесе көп азаматтыққа ие бола алмайтыны, ал өзге азаматтықтың болуы заңда көрсетілген тәртіп пен шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны туралы норма енгізіледі.
Енгізілген ұсыныстар ішінде Конституцияда әрбір адамның мемлекеттік билік органдары мен олардың қызметшілерінің заңсыз әрекеттері салдарынан келген залалдың өтемін алуға құқығын бекіту де ерекше қызығушылық тудырған.
Сонымен бірге, ол Конституция жобасының 18-бабы нақтыланғанын айтты. Жаңа редакцияға сәйкес, сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімдерден артық ұстауға болмайды. Сөз соңында Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.