Жаңа Конституция мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін толық қамтамасыз етеді – Ләззат Қалтаева
Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева жаңа Конституция жобасын қолдап, онда мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүдделері толық қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында ол жаңа Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық екеніне маңыз беретінін айтты. Бұл принцип тікелей мүгедектігі бар адамдарға да қатысты.
Ол жаңа Конституция жобасының кез келген дискриминацияға жол бермеу принципін сақтайтынына ерекше тоқталды. Осы тұрғыда мүгедектігі бар адамдар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету – адам құқықтарын іске асырудың ажырамас бөлігі саналады.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасының алғашқы баптарында-ақ, конституциялық құрылым негіздеріне арналған бөлімде, азаматтардың жағдайын нашарлататын нормалардың кері күшін қолдануға жол бермеу қағидаты бекітілген.
Ләззат Қалтаева бұл тәсілді құқық қолдану тәжірибесінде де біртіндеп жүзеге асыру қажет екенін айтты.
Сондай-ақ, Ләззат Қалтаева жаңа Конституция мәтінін инклюзив форматтарға: көру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін – Брайль қарпімен, интеллектуалдық дамуында қиындықтары бар адамдар үшін – түсінікті тілге аудару қажеттігін атап өтті.
Қорытындылай келе, ол жаңа Конституция жобасында азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған нормалар бар екенін атап өтті. Бұл әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың құқықтарын қорғауды және инклюзияны тиімді жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді.