Әділ еңбек, қауіпсіз жұмыс, лайықты жалақы: Максим Рожин жаңа Конституцияның маңызды тұсын атады
Жаңа Конституцияның нормалары өндіріс орындарындағы адамдар үшін нақты, өмірлік мәнге ие. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мәжіліс депутаты Максим Рожин мәлімдеді.
Максим Рожинның айтуынша, жаңа Ата заңның жобасында еңбек саласына тікелей қатысты бірқатар маңызды жаңашылдықтар қарастырылған. Соның ішінде мемлекеттің еңбекке құқықты конституциялық деңгейде бекітуі ерекше маңызға ие. Сондай-ақ қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына құқықты заң жүзінде айқындау көзделген. Бұл нормалар жұмыс барысында туындауы мүмкін кәсіби аурулардың алдын алуға, өндірістік жарақаттануды азайтуға, сондай-ақ азаматтардың еңбекке қабілеттілігі мен өмір сапасын сақтауға бағытталған.
Адал еңбек үшін әділ сыйақы алу құқығының әлеуметтік маңызы зор. Бұл норма азаматтардың еңбегі кәсіби өлшемдерге сай әділ бағаланатынына кепілдік береді. Рожинның айтуынша, қарапайым азаматтар үшін бұл тұрақты жұмыспен қамтылу, қауіпсіз еңбек жағдайлары және еңбегі үшін әділ ақы алуға деген сенімнің нығаюын білдіреді.