Абай облысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында көктемгі су тасқынына дайындық, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов, «Қазгидромет» РМК ШҚО және Абай облыстары бойынша филиалының директоры Ляззат Болатқан, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков және Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу комитетінің «Ертіс бассейндік су инспекциясы» РММ басшысы Медет Жәдігерұлы баяндады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде су басу ықтималдығы бар аумақта 64 елді мекен орналасқан. Бұл жерлерде 42 мыңнан астам адам тұрады. Қазіргі уақытта 22 елді мекенде қауіп деңгейі едәуір төмендетілген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес, биылғы көктемде Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандары жоғары тәуекел аймағында тұр.
Мұз кептелістерінің алдын алу үшін Ертіс және Үбі өзендерінің жекелеген учаскелерінде жарылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Арнайы комиссияның көшпелі отырысы Бородулиха ауданында өтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары нақтыланды. Алдағы уақытта мұндай отырыстар Семей қаласында және Бесқарағай ауданында да ұйымдастырылады.
Облыста су тасқыны күрделенген жағдайда жедел әрекет ету үшін 2 285 адамнан тұратын жеке құрам, 888 техника, 33 жүзу құралы және 190 су сору құрылғысы дайындалды. Төтенше жағдайлар департаменті базасында 70 адамнан құралған арнайы үш топ жасақталған. Сонымен қатар Семей қаласының әуежайында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы тұрақты кезекшілікте тұр. Азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын пысықтау мақсатында 27–28 ақпан күндері «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
Жиында аймақ басшысы аудан-қала әкімдеріне көктемгі су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың толық дайын болуын қамтамасыз етуді, эвакуациялық пункттерді әзірлеуді, қар шығару жұмыстарын күшейтуді, инерттік материалдар мен жанар-жағармай, азық-түлік және дәрі-дәрмек қорын жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ, өзендердегі мұз жару жұмыстарының жоспарын әзірлеу, су өткізу құрылыстарын тазалау, уақытша автокөлік көпірлерінің дайындығын тексеру, жолдардағы су басу қаупін азайту шараларын қабылдау міндеттелді.









