Абай облысының әкімі ақынын іздеп, олардың басын кітапханада қосты
Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай атындағы әмбебап кітапханада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай жергілікті ақын-жазушылармен кездесті. Еркін форматта өрбіген кездесуге өңірдің қала-аудандарындағы зиялы қауым өкілдері, айтыс ақындары, жазба ақындары, қаламгерлер қатысты.
Кездесуді ашқан сөзінде аймақ басшысы зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлінің зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында аймақ басшысы өңірдің мәдениет саласында қолға алынған игі істерге, қаламгерлердің табыстарына тоқталды. Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен белгілі ақын Төлеген Жанғалиев мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегері атанды. Айтыскер ақын Әсем Ережеқызы жақында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығымен марапатталды. Өткен жылы «Абай жолы» кітапханасы» сериясы аясында 25 ақын-жазушының еңбегі жарық көріп, өңір руханиятына нақты қолдау көрсетілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, алдағы уақытта облыста «Тарбағатай» дәстүрлі өнер театрын ашу жоспарлануда. Облыс әкімі Қайым Мұхамедханұлының 110, Қабдеш Жұмаділовтың 90, Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдығы лайықты деңгейде атап өтілетінін айтып, Абай облысының гимнін жазуға арналған «Ұлылар елі» республикалық ән байқауының басталатынын жариялады.
Байқау Абай облысының әкімдігі мен облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтеді. «Ұлылар елі» ән байқауы «Киелі Абай елі» облысқа арналған гимн жазу және «Trend auen» заманауи музыкалық шығармалар бағыты бойынша екі бөлімнен тұрады.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері аймақ басшысына өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның еліміз үшін маңызы зор екенін, жаңа Ата заң жобасын қолдайтындарын атап өтті.
Сондай-ақ, басқосуда Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Мерей Қарт «Абай жолы» кітапханасы» жобасын таныстырды. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Дәулет Сметов өңірдегі айтыс өнерінің дамуы, жас ақындарды қолдау және айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облыстық филиалының жұмысы туралы айтты.









