Туризмді дамыту мәселелері талқыланды
Өңірдегі стратегиялық маңызы бар салалардың бірі – туризмді дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, екінші деңгейлі банк қызметкерлері, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының Абай облысы бойынша өкілі, инвесторлар және тиісті басқарма басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туризмді экономиканың маңызды драйвері әрі инвестиция тартудың перспективалы бағыты ретінде айқындап отыр. Президент тапсырмасына сәйкес және облыс әкімінің қолдауымен өңірде туризм саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынған.
Бүгінде Алакөл жағалауын дамыту, Шипалы көлінде емдік-сауықтыру туризмін ілгерілету, Жидебайдағы тарихи-рухани туризмді күшейту, сондай-ақ, «Семей орманы» аумағында экологиялық туризмді дамыту негізгі басым бағыттардың қатарында.
Инвесторлар тарапынан ұсынылған жобалар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында жүзеге асырылады. Болжамды инвестиция көлемі 14 млрд теңгеден асады.



