Еліміздің үш өңірінде жел және күн электр станцияларын салу мәселесіне қатысты заңды сенаторлар қарастыруда
ҚР Парламенті Сенатында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау» заңы қаралды. Отырысқа Сенат депутаттары және тиісті мемлекеттік органдар қатысты.
Заңның мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды дамытуға және орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған үкіметаралық келісімді ратификациялау.
Келісім екі мемлекеттің күш-жігерін біріктіріп, ірі «жасыл» энергетикалық жобаларды қолдау және жүзеге асыру арқылы жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған. Атап айтқанда, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында үш жел электр станциясы мен бір күн электр станциясын салу жоспарлануда. Жобалар тек электр станцияларын салумен шектелмей, өндірілген энергияны сақтау және тарату үшін барлық қажетті инфрақұрылымды құруды да қамтиды.
Келісім шарттарына сәйкес, ірі жобалар бойынша электр энергиясын сату-сатып алу келісімдерінің мерзімі – 25 жыл. Сонымен қатар құжатта энергияны кепілдендірілген түрде сатып алу, нақты уақыт режимінде баланстық нарыққа қатысу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес валютадағы баға қалыптастыру және есеп айырысу мәселелері қарастырылған.
Жобаларды іске асыру жыл сайын шығарылатын көмірқышқыл газын азайтуға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, ұлттық электр желісінің тұрақтылығын нығайтуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.