Мәулен Әшімбаев: Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумды қолдайтындарын білдірді. Сондай-ақ отырыста күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдер қаралып, мақұлданды.
Отырысты ашқан Сенат Төрағасы бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жаңа Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі екенін атап өтті. Палата Спикері бұл құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға. Жаңа Конституция жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, мұқият пысықталды. Талқылау барысында азаматтардың ұсыныстары барынша ескерілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені сөзсіз. Сол арқылы Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі қалыптасуда. Алдағы уақытта Сенат депутаттары жаңа Ата Заңымыз туралы референдумды ілгерілету жұмыстарына бір кісідей атсалысады. Осы ретте Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі қаланатын жауапты кезеңде барша қазақстандық өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, референдумға белсенді қатысады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында, алдымен, Наурызбай Байқадамовтың Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры болып тағайындалуына байланысты Сенат депутаты ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қаралды. Сенат Төрағасы әріптесі Наурызбай Байқадамовқа Палатаның заң шығару ісіне белсенді атсалысқаны үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар сенаторлар «2006 жылғы 4 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы
Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.
Аталған заңдар Қырғыз Республикасы аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық нысандарға – «Қазақстан» санаторийіне, «Самал» демалыс үйіне, «Университет» спорттық-сауықтыру лагеріне және «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығына – Қазақстан Республикасының меншік құқығын реттеуге және айқындауға бағытталған. Сонымен қатар жалпы ауданы 58,8 гектарды құрайтын осы нысандар орналасқан жер телімдерін жалға алу шарттарын өзектендіру көзделген.
Құжаттарда тараптардың өзара кепілдіктері, нысандарды мақсатты пайдалану, оларды жаңғырту мен дамыту жөніндегі міндеттемелер бекітіледі. Сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтып, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылған. Заңдарды ратификациялау туризм саласының дамуына серпін беріп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі деп күтілуде.
Бұдан басқа Палата депутаттары «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Айта кетейік, бұл Келісім ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, құжат аясында кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатымен уақытша кедендік преференциялар тетіктері қарастырылған. Сенаторлардың айтуынша, бұл шаралар іскерлік белсенділікті арттырып, өзара сауда көлемінің ұлғаюына оң ықпалын тигізеді.