Абай гарнизонында патриоттық тәрбиеге арналған тағылымды кеш өтті
Абай гарнизонындағы 36803 әскери бөлімі №19 жалпы білім беретін орта мектепте Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай ауқымды патриоттық іс-шара ұйымдастырды.
Тағылымды кешке Ауған соғысының ардагерлері Серікболсын Бисенбаев пен Александр Цветков, Әлихан Бөкейхан университетінің әскери кафедра бастығының орынбасары Айдар Манасов, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері ардагерлері кеңесінің Абай облысы бойынша үйлестірушісі Анатолий Гриб қатысты.
Кездесу барысында ардагерлер өздерінің өмір жолдары мен әскери қызметтегі естеліктерін бөлісіп, жас ұрпақты Отанды сүюге, патриот болуға, ел тыныштығын қадірлеуге шақырды. Олардың шынайы әңгімелері мектеп оқушыларына үлкен әсер қалдырды.
Іс-шара аясында 36803 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен сарбаздары ардагерлер мен мектеп оқушыларына арналған концерттік бағдарлама ұсынды. Сарбаздар патриоттық әндер орындап, би билеп, домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен әуелете ән салды. Концерт көрермендер тарапынан жылы қабылданып, ерекше рухани әсер сыйлады.
Кеш соңында мектеп ұжымы мен ардагерлер әскери қызметшілерге алғыстарын білдіріп, ауған соғысының ардагерлеріне естелік сыйлықтар табысталды.
Мұндай патриоттық шаралардың маңызы зор, өйткені олар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, әскери тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелейді. Сонымен қатар, ардагерлер мен жастар арасындағы рухани байланысты нығайтып, ел қорғаған ерлердің ерлігін ұмытпауға ықпал етеді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі




