Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
494.28 587.06 6.4

«Заң және тәртіп» идеологиялық нарративі аясында облыстық «QUIZ» зияткерлік ойыны өтті

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында «Заң және тәртіп» идеологиялық нарративі аясында өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары арасында облыстық «QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды.

Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін шыңдау, ой-өрісін кеңейту, ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыру.

Іс-шараның ашылуында Абай облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Асем Нүскенова қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі шара «Заң және тәртіп» идеологиялық нарративі аясында өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары арасында ұйымдастырылып отыр. Бұл – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдағы жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын терең түсінуге бағытталған маңызды қадам. Осындай зияткерлік алаңдар оқушылардың білімдерін шыңдап қана қоймай, тұлғалық дамуларына, көшбасшылық қасиеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бүгінгі сайыста алған тәжірибе алдағы өмір жолдарыңызда үлкен септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызға сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Сайысқа облыстың қала және аудандарынан 12 команда қатысып, жалпы саны 40-қа жуық білім беру ұйымдарының өзін-өзі басқару көшбасшылары мен мектеп оқушылары бақ сынасты.

Қатысушы, Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей интернатының  11-сынып оқушысы  Мұхаммед Құдайберген жарысқа деген дайындықтары туралы айтты.

– Біз бұл квиз ойынына үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Құқықтық тақырыптарды, ел тарихы мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қайталап, логикалық тапсырмаларға арнайы дайындық жүргіздік. Бұған дейін де осындай ауқымды сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанбыз. Сондықтан бүгінгі жарыста да өз білімімізді көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетуге ниеттіміз. Мұндай шаралар бізге тек білімімізді сынап қана қоймай, командалық жұмыс пен өзара қолдаудың маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Біздің топтың атауы – «Жас ұлан», және біз жеңіске лайықты білімімізді көрсетуге тырысамыз, – деді ол.

Қатысушылар құқықтық сауаттылық, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, ел тарихы және заманауи қоғамдық үдерістерге қатысты 7 кезең бойынша сынға түсті. Олар қойылған сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмаларды орындады.

Іс-шара барысында жастар жоғары белсенділік танытып, өз білімдері мен көшбасшылық қабілеттерін көрсете білді. 

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

«Ең креативті команда» номинациясымен Мақаншы ауданының «Парасат» командасы марапатталды. Ал «Үздік эстетикалық команда» аталымын Аягөз ауданының «Жас демократ» командасы иеленді.

Жалпыкомандалық есеп нәтижесінде І орынды Жаңасемей ауданының «Бес арыс» командасы жеңіп алды. ІІ орын Абай ауданының «Әділет» командасына бұйырса, ІІІ орынды Бесқарағай ауданының «Келешек ұрпақ» командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.

Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңір жастарының азаматтық жауапкершілігін арттыруға және заң үстемдігі қағидаттарын насихаттауға қызмет ететінін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив