Cемей-24°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
494.28 587.06 6.4

Мәжілісте қытайлық инвесторлары бар мұнай компанияларындағы жергілікті қамту мәселелері талқыланды

Бүгін, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің жетекшісі Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясының филиалы және «Матен Петролеум» АҚ-ның реттелетін сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері қаралды.

Отырыста Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдауға және импортқа тәуелділікті азайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Осыған байланысты кейінгі үш жылда комитет Энергетика министрлігімен бірлесіп «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сынды ірі мұнай-газ жобаларындағы сатып алуларда қазақстандық қамту үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мәжілісте әр компаниямен жеке кездесулер өткізіліп, салалық форумдар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде отандық өндірушілер жалпы сомасы 1,3 млрд АҚШ долларына келісімшарттар жасасты.

–Ендігі міндет – осы салада жұмыс істейтін өзге де мұнай-газ компанияларымен бірлескен жұмысты күшейту. Бұл – аса маңызды мәселе. Ірі мұнай-газ компаниялары негізінен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жұмыс істейді. Алайда оларға қызмет көрсететін отандық тауар өндірушілер еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан. Сондықтан біз «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» жобаларымен және «ҚазМұнайГаз» компанияларымен ғана шектелмей, басқа компаниялармен жүйелі әрі нәтижелі әріптестік орнатуымыз қажет, – деді Еділ Жаңбыршин.

Ол өткен жылдың қараша айында комитет «PetroMining» қазақстандық ұйымдар қауымдастығымен мұнай компанияларындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселесін талқылағанын еске салды. Осы жұмысты жалғастыру мақсатында бүгінгі отырысқа қытайлық инвесторлар қатысатын мұнай-газ компаниялары – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» филиалы және «Матен Петролеум» АҚ басшылары шақырылды.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған компаниялардың тауар, жұмыс және көрсетілетін қызмет бойынша жалпы сатып алу көлемі 231 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 173 млрд теңге – ел ішіндегі құн үлесіне тиесілі. Атап айтқанда, 113,6 млрд теңге – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, 40,6 млрд теңге – «Бозашы Оперейтинг ЛТД» филиалы, 9,6 млрд теңге – «КоЖаН» АҚ, 8,9 млрд теңге – «Матен Петролеум» АҚ үлесінде.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Фу Чжэньминьнің айтуынша, компания мұнай кен орындарына арналған ірі көлемді 10 түрлі тауарды, соның ішінде шеген құбырлар мен сорғы-компрессорлық құбырларды, бекіткіш цементті, тұз қышқылын, каустикалық соданы толықтай жергілікті компаниялардан алады.. Тағы 11 тауар қазақстандық баламалармен ішінара алмастырылған.

– Қазақстандық қамтуды дамыту жөнінде жұмыс тобы құрылды. Оның аясында жергілікті өндірушілердің жаңа нарықтарын зерделеу үшін өңірлерге шығу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде бірқатар қазақстандық өндірістік компаниялармен, соның ішінде «Орал құйма механикалық зауыты» ЖШС-мен жалпы сомасы 24,2 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды, – деді Фу Чжэньминь.

Жалпы, 2025 жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да ел ішіндегі құн үлесі тауарлар бойынша 25,9%-ға, жұмыстар бойынша 93%-ға, қызметтерге қатысты 85,5%-ға дейін өскен. Компания өңірлерге шығып, қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу арқылы бұл көрсеткіштерді арттыруды жоспарлап отыр.

«Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясының филиалында кейінгі бір жылда тауарлар бойынша жергілікті қамту үлесі 10%-дан 36%-ға дейін өскен. Жұмыс пен қызмет көрсету бойынша көрсеткіш 98%-дан жоғары деңгейде сақталған. Қазақстандық өндірушілермен 749 млн теңгеге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған. Негізгі тауарлар қатарында сорғы-компрессорлық құбырлар, терең ұңғымаларға арналған сорғылар, сорғы штангалары, тербелмелі станоктарға арналған бөлшектер, мұнай-газ және электротехникалық жабдықтар, химиялық өнімдер мен құрылыс материалдары бар.

«Матен Петролеум» АҚ ел ішінлегі құн үлесі бойынша жергілікті қамту деңгейін 94,4%-ға дейін арттырғанымен, тауар мен жұмыс бойынша көрсеткіштер тиісінше 44,6% және 88%-ды құрап, аздап төмендеген. Компанияның бас директоры Лю Цзиньчэннің айтуынша, 2025 жылы штангалы тереңдік сорғыларын, қыстық арнайы киім мен аяқ киім жеткізу үшін 52,7 млн теңгеге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған. Жергілікті қамтуға ең көп үлес қосқан тауарлар – дизель отыны мен жанармай, ұңғымалық тереңдік сорғылар, шеген құбырлары және сорғы-компрессорлық құбырлар, химиялық өнімдер мен техникалық газдар.

«КоЖаН» АҚ еншілес компаниясы жергілікті қамту бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр: тауар үлесі – 50,6%, көрсетілетін қызмет – 94,4%, жұмыс – 90,7%.

Депутаттар өндірістерді жергіліктендіру мәселелеріне қатысты өзекті мәселелер көтерді. Атап айтқанда, алынған пайдадан Қазақстан экономикасына қайтадан қанша пайыз инвестиция салынатыны, сатып алуларда делдалдық схемаларды болдырмау шаралары, отандық өндірушілерді қолдау және олардың мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейту жөніндегі орта мерзімді нақты қадамдар жөнінде сауалдар қойылды.

Сондай-ақ жергілікті қамту үлесі нөлдік деңгейдегі, позициялары жоғары тауарлары жүйелі шектеулердің бар екенін немесе нарықтың жеткілікті дамымағанын көрсететінін атап өтті. Осыған байланысты сатып алуларға егжей-тегжейлі аудит жүргізілді ме, төмен локализацияның себептері талданды ма, оның нәтижесінде қандай басқарушылық шешімдер қабылданды деген мәселелер нақтыланды.

Талқылауға жеткізуші компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.

Отырысты қорытындылаған Еділ Жаңбыршин шақырылған мұнай компанияларының реттелетін сатып алуларында қазақстандық қамту үлесін арттыру жөнінде ұсынымдар жасады. Атап айтқанда, белгіленген қағидаларға сәйкес отандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді барынша тарта отырып, жергілікті қамтуды дамыту бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді ұсынды. Бұл үшін «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтар тауарлар пулын қалыптастыруы қажет. Ал Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану шарттарында жергіліктендіруді дамыту жұмысын жалғастыруға тиіс.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив