Абай облысының кешенді даму жоспары: Нұрлан Ұранхаев БАҚ өкілдеріне аймақтың келешегі туралы айтып берді
Жақында Абай облысында кешенді даму жоспарын іске асыру басталады. Ол ағымдағы жылдың 24 қаңтарында Үкімет отырысы барысында бекітілді.
Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын жеделдетуді қамтамасыз етеді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев аймақтың БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтты.
Облысты дамытудың кешенді жоспарында барлығы тоғыз бағыт бойынша 102 іс-шара көзделген. Өнеркәсіпті дамыту бойынша - 8 іс-шара, оның ішінде тау-кен байыту комбинатының құрылысы және «Айдарлы» мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру.
АӨК саласында 13 жоба іске асырылатын болады: Семейде ет өңдеу комбинатын, Бесқарағай және Жарма аудандарында сүт-тауар фермалары мен суару жүйелерін салу.
Туризмді дамыту бөлігінде екі сауда ойын-сауық орталығы мен қонақ үй кешенін, Алакөл көлінің жағалауында демалыс базасын салу жоспарланған.
Біздің облыстың транзиттік-көліктік инфрақұрылымы да дамитын болады: кешенді жоспарға тоғыз іс-шара енгізілген. Бұл «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» учаскесінде теміржол салу, логистикалық парк құру, Ертіс өзені арқылы өтетін автожүк көпірін, Семей қаласындағы аспалы көпірді қайта жаңарту сынды жобалар.
- Президент қалада заманауи ЖЭО салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, барлық инженерлік желілерді – су құбыры, жылу, электр желілерін, кәріз - тазарту құрылыстарын жөндеу және жақсарту жоспары бар. Сондай-ақ, логистикаға көп көңіл бөлінетін болады – «құрғақ» порт салу, екі мың шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Бірақ үлкен жұмыс күтіп тұрғанын түсіну керек, ол - жобалау, сметалық құжаттаманы дайындау. Басынан бастап жобаны іске асыруға әрине көп уақыт қажет, - деп атап өтті Нұрлан Ұранхаев.
Білім беру саласында апатты, саманнан салынған және тозығы жеткен мектептерді жою үшін 510 орындық алты шағын жинақты мектеп салу жоспарлануда (Үржар а. – 2, Жарма а. – 2, Ақсуат а. – 1, Бесқарағай а. – 1).
Денсаулық сақтау саласында 2028 жылға дейін 7 медициналық нысанның құрылысы көзделген. Мәдениет және спорт саласында 8 мәдениет нысанын, бір жүзу бассейнін және бес спорт модулін салу жоспарланған.
– Өздеріңіз білетіндей, жақында Семейде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 150 орындық заманауи оңалту орталығы ашылды. Таяу арада облыста тағы осындай екі орталық ашылады, - деп атап өтті Нұрлан Ұранхаев.
Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін ҚТҚ полигонын салу және жаңғырту жоспарлануда.
Кешенді жоспарға кірмеген жобалар бар, олар - конгресс холл, мұз сарайы және полиция департаментінің ғимараты.
Кешенді жоспарды іске асырудың ең басты артықшылығы - облыста жаңадан 14 мың жұмыс орны құрылады.
Тағыда оқыңыз
Шәкәрім шаңырағы – Абай елінің рухани қара шаңырағы!Абай облысы 2027 жылға дейін қалай дамиды: Үкіметте Кешенді жоспар қаралдыАбай облысы 2027 жылға дейін қалай дамиды: Үкіметте Кешенді жоспар қаралдыӘлихан Смайылов Үкіметтің 2023 жылға арналған басым міндеттерін белгіледіАБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ