Ғалымдар мен жастар жаңа Конституция жобасының маңызын талқылады
Семей қаласындағы Шәкәрім университеті базасында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Жиынға ғылым қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы және магистранттар қатысып, Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің мәні мен ел болашағына ықпалын жан-жақты саралады.
Кездесу барысында қатысушыларға елімізде Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу жоспарланып отырғаны туралы жан-жақты ақпарат берілді. Жалпыхалықтық дауыс беру 15 наурызға белгіленген. Ұсынылып отырған Конституция жобасы кіріспе бөлім мен 11 бөлімнен тұрады және қоғамның қазіргі даму талаптарына сәйкес әзірленген.
Социологиялық талдау орталығының координаторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, құқықтанушы Назигүл Ғазизова Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, оның құқықтық және қоғамдық маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы Ата Заңның болашағын айқындауға бағытталған. Жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, құжат қоғамдағы өзекті мәселелерді ескере отырып, заман талабына сай әзірленген, – деді Назигүл Ғазизова.
Кездесу барысында қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуына ықпалы, құқықтық жүйені жетілдірудегі рөлі және азаматтық қоғамды нығайтудағы маңызы туралы пікір алмасты. Университеттің Тілдік коммуникация кафедрасының меңгерушісі Майра Ибраемова Конституциялық реформаның тарихи маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгінгі күн – еліміз үшін маңызды тарихи кезеңдердің бірі. Себебі мемлекетіміздің негізгі заңы – Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізу арқылы елдің болашақ даму бағыты айқындалып, жаңа кезең басталғалы отыр. Бұл – мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам, – деді ол.
Жиын қорытындысында қатысушылар Конституциялық өзгерістердің елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, алдағы референдумның маңызын кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді.




