Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен штаб отырысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров арнайы қатысты.
Әлібек Қуантыров жиында инвестиция тартудың жаңа тәсілдері туралы баяндады. Сыртқы істер министрі орынбасарының айтуынша, министрлік шетелдік инвесторлар мен өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін үш деңгейлі сүйемелдеу жүйесін қалыптастырған. Елшіліктер арқылы инвесторлар тартылып, орталық деңгейде мемлекеттік органдармен үйлестіру жүргізіледі, ал өңірлік деңгейде жобалар басталған сәттен іске қосылғанға дейін толық сүйемелденеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 23 пайызына жеткізу және алдағы төрт жылда кемінде 100 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті қойылған. Абай облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетіп, жаңа индустриялық орталықтардың бірі ретінде қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
Отырыста «Eurasia Agro Semey» ЖШС-нің ет өңдеу кешенін салу жобасы, «АА Агро Семей» ЖШС Мақаншы ауданы аумағындағы «Харвэст» агро-индустриалды кластері жобасы және «MIRYILDIZ KZ Ltd» компаниясының «Жанан» алтын кен орнында металлургиялық зауыт салу сынды өңірдегі ірі инвестициялық жобалар таныстырылды.
Инвестициялық штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Өңірдегі инвестициялық ахуалмен танысып, инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін түсіндіру үшін өңірге арнайы келгені үшін Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровқа алғысын жеткізді.










