Сенат Төрағасы жаңа Конституцияның ережелерін түсіндірудің маңызы туралы пікір білдірді
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 19 ақпанда болатын Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев елімізде қолға алынған конституциялық өзгерістер Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Маңызы мен ауқымы жағынан тарихи қадам саналатын бұл бастама – қоғамның билік нақты жауапкершілік арқалайтын, ал, заң бәрінен жоғары тұратын әділетті мемлекет қағидаттарын одан әрі нығайту жөніндегі сұранысына берілген жауап. Осыған байланысты Сенат Төрағасы алдағы референдум төңірегінде күш біріктіру маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы аясындағы жұмыстың мәніне тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар конституциялық өзгерістер арқылы өз жалғасын табуда. Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін дұрыс дәріптеу мақсатымен негізгі қоғамдық-саяси институттарды біріктірген Жалпыұлттық коалиция құрылды. Қазірдің өзінде бірқатар сенатор әріптестеріміз Коалиция жұмысына белсенді қатысуда. Ал, келесі аптада барлық сенатор іс-сапармен өңірлерге барады. Соның аясында алдағы уақытта жаңа Ата Заң жобасының ережелері туралы кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басымдық берілуге тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар іс-шарада Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Сенаттың жалпы отырысының күн тәртібіне шығару туралы қаулы қабылдады. Заңның мақсаты – экономиканы әртараптандыру, ішкі және келу туризмін дамыту, адам капиталын нығайту және балалар мен жасөспірімдер үшін спорттың қолжетімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттік басымдықтарды іске асыру.
Аталған заң арқылы Қазақстан Республикасының 13 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Олар спорт саласында бюджеттен тыс қаражатты бөлетін бірыңғай оператордың қаржылық есептілігіне міндетті жыл сайынғы аудит жүргізуге қатысты нормаларды қамтиды. Сондай-ақ осы құжатта уәкілетті органның туристік өнімге қойылатын талаптарды айқындау, келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау мөлшерін белгілеу, туристерді орналастыру орындарын және визит-орталықтар салу мен реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі құзыреттері нақтыланады.
Сонымен қатар алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Құжат Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру және тұрақты даму қағидаттарын енгізу арқылы климаттық күн тәртібі мәселелерінде тараптардың күш-жігерін біріктіруді көздейді.
Келісімде жел және күн электр станцияларын салу қарастырылған. Аталған ірі жобаларды іске асыру Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарын қамтиды. Ірі жобалардың әрқайсысы энергия өндіру және жинақтау үшін кешенді инфрақұрылым құруды көздейді. Келісімге сәйкес ірі жобалар үшін электр энергиясын сатып алу туралы шарттың қолданылу мерзімі 25 жылды құрайды.
Сондай-ақ Палатаның алдағы отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамын бекітеді.
Одан бөлек, бүгін сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Палатаның тұрақты Комитеттеріне бөліп берді.