Берік Уәли: Абай облысын жаңа белеске бастаған бір жыл
2025 жылғы 17 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл – қайтадан құрылған жаңа облыс үшін жауапты кезең, жаңа үміттің бастауы болды.
Қазақ «ел ағасыз болмайды» дейді. Өңір басшысы қызметке кіріскен сәттен-ақ ең алдымен ақсақалдармен, зиялы қауыммен жүздесті. Себебі елдің бағы – бірлікте, ал бірлік – ақылдасудан басталады. Халықтың батасын алу – қазақы дәстүрдің өзегі.
Қыс қыспағында тұрған өңір үшін ең өзекті мәселе – жылу еді. Семей қаласындағы жылу орталықтары мен қазандықтар жіті тексеріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тұрғындар жылусыз қалған жоқ. Бұл – «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданың нақты көрінісі.
Алғашқы жұмыс сапары Абай ауданынан басталып, содан бері облыстың бірде-бір ауданы, бірде-бір шалғай ауылы назардан тыс қалмады. Емелтау, Баршатас, Байқошқар, Ақшоқы, Алғабас, Үштөбе, Қоянбай секілді алыс ауылдарға арнайы барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Тіпті менің туып өскен ауылым - Тарбағатайға, оның ар жағындағы Малтүгелге де ат басын бұрды.
Берік Уәли кейбір аудандарға бір жыл ішінде 10–15 ретке дейін барып, мәселені көзбен көріп, қолмен ұстау қағидасын ұстанды. Бұл – кабинетте емес, халық ортасында жүріп жұмыс істеудің үлгісі.
Семей – өңірдің жүрегіне айналды!
Апта сайын Семей қаласын дамыту бойынша арнайы кеңестер өткізіліп келеді. Әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым, тарихи ғимараттар – барлығы жеке бақылауда. Қаланың келешегін айқындайтын Smart City жобасы таныстырылып, цифрлық даму бағыты айқындалды.
Көпірлер жаңартылып, айналма жолдар жөнделді. Ұзаққа созылған «Қалбатау – Майқапшағай» тас жолы қысқа мерзімде толық аяқталып, пайдалануға берілді. Асфальт төселмеген көшелер жөнге келтіріліп, қала мен ауыл арасындағы байланыс нығайды.
«Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум өткізіліп, 15 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бес жұлдызды PANA қонақ үйі, Tary & Sandyq мейрамханалар желісі ашылды. Өндірістік аймақта чиптер мен электр қондырғыларын шығаратын зауыт, Шақаман ауылы маңында ірі ет комбинатының құрылысы басталды.
100-ден астам инвестормен кездесу өтіп, Инвестициялық кеңес құрылды. Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Үндістан, Иран және басқа елдермен байланыс нығайды. Қытайдың Алтай аймағында өткен «Үлкен Алтай» конференциясында 1 миллиард 568 миллион АҚШ долларына меморандум жасалды.
Су тасқыны кезеңінде алдын алу шаралары күшейтіліп, жүйелі дайындық нәтижесінде былтыр бірде-бір апатты жағдай тіркелген жоқ.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы кең қолдау тауып, өңір басшысы тұрғындарды тазалықты қатаң сақтауға үндеп, нәтижесінде мыңдаған тонна қоқыс шығарылды. Өңір абаттандырылып, экологиялық мәдениет жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – «тазалық – иманның жартысы» деген ұстанымның іс жүзіндегі көрінісі.
Медицина саласында шалғай ауылдарда амбулаториялар мен медициналық пункттер көптеп ашылды.
Спорт бағытында ауылдық округтерде спорт кешендері бой көтеріп, 25 мың орындық стадион құрылысы басталды. Семейдің өзінде бірнеше спорт кешені пайдалануға берілді.
Білім беру саласында «Келешек мектебі» жобалары іске қосылып, жаңа мектептер ашылды, апаттық жағдайдағы білім ошақтары жөнделуде.
Ұлы ойшылдың 180 жылдығы халықтық деңгейде 10 күн бойы аталып өтті. 180 ақшаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық рух асқақтады. «Жеті қазына» республикалық фестивалі ұйымдастырылып, тоғызқұмалақтан алғаш рет автокөлік бас жүлде ретінде тігілді.
Бұл – Абай рухын жаңғыртудың, ұлттық құндылықты ұлықтаудың айқын дәлелі.
Нәтиже ол нақты көрсеткіш!
Бір жыл – уақыт өлшемімен қысқа мерзім. Алайда ауқымды нәтижелерге толы кезең болды. Бүгінде Абай облысы меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша республикада екінші орынға көтерілді.
Бұл – жүйелі жұмыстың жемісі.
Бұл – сенім мен жауапкершіліктің нәтижесі.
Бұл – нақты іске негізделген даму жолы.
Абай облысы – даму үстінде. Ал даму – сөзбен емес, іспен дәлелденуде.