Абай облысында Мәжіліс депутатының қатысуымен ашық кездесу өтті
Абай облысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшесі Нұртай Сабильянов келді.
Іссапар аясында өңірлік коалиция мүшелері, ардагерлер мен қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесті.
Абай облысы мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков облыста түсіндіру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта қалалар мен аудандарда да коалиция жұмыс істеп, халықпен тұрақты байланыс орнатылған.
Нұртай Сабильянов Конституциялық комиссия жұмысының кезеңдері мен мазмұнына тоқталып, жаңа редакциядағы Конституция жобасының қоғам ұсыныстарын ескере отырып әзірленгенін жеткізді. Оның айтуынша, құжат мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында қатысушылар бірқатар сұрақ қойып, ашық пікір алмасу болды.
Мәжіліс депутатының Абай облысындағы іссапары өңірдің бірнеше ауданында жалғасады. Жоспарға сәйкес, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, Конституция жобасының мазмұны түсіндіріледі.




