Франция Сенатында конституциялық реформалар мен Қазақстанның Еуразия тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлі талқыланды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт Парижге жұмыс сапарымен барып, Қазақстандағы конституциялық қайта құруларға, сондай-ақ Орталық Азиядағы геоэкономикалық мүмкіндіктер мен геосаяси сын-қатерлерді талқылауға арналған іс-шараларға қатысты. Сапар барысында елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелері, оның институционалдық жаңалықтары мен алдағы саяси даму үшін маңызы, сондай-ақ өңірлік тұрақтылықты нығайту және Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Пікірталастар Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігі мен Франция Сенатының алаңдарында өтті. Соның ішінде, Франция Сенатында Сенат вице-президенті Лоик Эрве қолдауымен және француздық «Institut Prospective et Sécurité en Europe» талдау орталығының бастамасымен «Қазақстан мен Орталық Азиядағы геоэкономикалық мүмкіндіктер мен геосаяси сын-қатерлер» тақырыбында конференция ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт, сондай-ақ «Xander Group» бас директоры Искандер Ақылбаев қатысты. Алғы сөздерде Қазақстанның Орталық Азиядағы жүйе құраушы мемлекет ретіндегі стратегиялық маңызы, оның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, көлік байланысын дамытудағы және Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды нығайтудағы рөлі атап өтілді.
Конференцияда сөйлеген сөзінде Евгений Больгерт Францияның Еуропалық Одақтағы Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі екенін айтты.
«Франция - Қазақстанның Еуропалық Одақтағы стратегиялық серіктестерінің бірі және экономикамызға ең ірі инвесторлар қатарына кіреді. Тікелей инвестициялар көлемі 21 млрд АҚШ долларынан асады. Қазақстанда түрлі салаларда 200-ге жуық француз компаниясы мен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Франция Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекеттердің қатарында болды, ал өткен айда екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 34 жыл толды», - деді сенатор.
Ол сондай-ақ бұл талқылаулардың Қазақстандағы ауқымды конституциялық реформа мен маңызды саяси өзгерістер кезеңінде өтуінің символдық мәніне тоқталды.
«Бұл пікірталастың еліміз үшін маңызды кезең - ауқымды конституциялық реформа тұсында өткені символдық мәнге ие. Еуропадағы және әлемнің басқа өңірлеріндегі серіктестеріміздің ақпаратты ешқандай бұрмалаусыз және түсіндірмелерсіз, тікелей алғаны маңызды. Дәл осындай ашық диалог форматтары елдер арасындағы сенімді әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды қалыптастырады», - деп атап өтті Евгений Больгерт.
Сапар барысында сенатор француз парламентшілері мен сарапшылар қауымдастығына жаңартылған Конституция жобасының жаңалықтары, алдағы референдум және соңғы уақытта Қазақстанда қабылданған негізгі заңдар туралы ақпарат берді. Бұдан бөлек, іс-шара аясында Евгений Больгерт «Центристер одағы» саяси тобының өкілі, француз сенаторы Филипп Фолиомен қысқаша жұмыс бабында әңгімелесті.
Талқылаулар қорытындысы бойынша тараптар Франция мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде саяси диалог, экономика және көлік байланысын дамыту салаларында одан әрі тереңдетуге өзара мүдделі екендіктерін растады.