Ірі кәсіпорынның еңбек ұжымы азаматтық белсенділікті қолдайды: референдум алдындағы кездесу
15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» коалициясының Абай облыстық филиалы Семей қаласындағы ірі кәсіпорын – «Семей цемент зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Конституцияның 24-бабында бекітілген еңбек құқықтары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, әр азаматтың еңбек ету бостандығына, мамандық пен қызмет түрін еркін таңдауға, қауіпсіз және гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайына, кемсітусіз еңбекақы алуға, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар екені айтылды.
Коалиция мүшесі Ақмарат Мұрат өз сөзінде жаңа Конституция жобасында еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері күшейтілетінін атап өтті. Ол қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әділ жалақы төлеу және қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мәселелері конституциялық деңгейде нақты айқындалатынын атап көрсетті. Бұл әсіресе өндіріс саласында еңбек ететін азаматтар үшін ерекше маңызды.
Кездесу барысында ұсынылып отырған өзгерістердің еңбек адамының мәртебесін арттыруға және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы жауапкершілікті нақтылауға бағытталғаны айтылды. Ұжым мүшелері өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Іс-шара соңында ірі кәсіпорынның еңбек ұжымдары өздерінің белсенді азаматтық ұстанымы мен референдумға жауапкершілікпен қатысуы арқылы еліміздегі реформалардың табысты жүзеге асуына үлес қосатынын білдірді.










