Әділеттілік пен ашықтық: Сенатта медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін реформалау мәселелері талқыланды
Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Амангелді Есбайдың төрағалық етуімен мүгедектікті анықтау және қайта куәландыру, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесі жұмысының әділдігі мен ашықтығын арттыру мәселелеріне орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен кездесу болды.
Сенатор кездесуді аша келіп, мүгедектікті белгілеу жүйесінің тиімділігі азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететінін және мәселеге қатысы бар барлық мекемелер тарапынан тексерілген, келісілген шешімдерді талап ететінін атап өтті.
«Медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері денсаулық сақтау мен әлеуметтік саясаттың тоғысқан жерінде тұр. Сондықтан оларды қараған кезде азаматтардың мүдделерін негізге ала отырып, рәсімдердің объективтілігін, ашықтығын және мемлекеттік органдардың үйлестірілген өзара іс-қимылын қамтамасыз ету аса маңызды», - деп атап өтті Амангелді Есбай.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Виктория Шегай өз кезегінде медициналық-әлеуметтік сараптама азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейіне тікелей әсер ететінін және қоғамның нақты қажеттілігін ескере отырып дамуы тиіс екенін атап өтті.
«Біз бүгін бастапқы мүгедектіктің өсе түскенін, оның ішінде ауыр топтар үлесінің өскенін тіркеп отырмыз. Бұл барлық кезеңдегі профилактиканы күшейту, ауруларды ерте анықтау және медициналық сүйемелдеу сапасын арттыру қажеттігін көрсетіп отыр. Мекемеаралық өзара нақты іс-қимыл болмаса және бірыңғай цифрлық ортаны дамытпай МӘС жүйесінің тиімділігін арттыру мүмкін емес», - деп атап өтті Виктория Шегай.
Ол сондай-ақ дәрігерлік-консультативтік комиссияларды орталықтандыру және цифрлық құралдарды енгізу жөніндегі пилоттық жобалардың нәтижелеріне назар аударды. Онда медициналық-әлеуметтік сараптамада негізсіз бағыттардың санын қысқартуға және рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Әлия Рүстемова өз кезегінде профилактикалық медицинаны, ерте диагностика мен оңалтуды дамыту, сондай-ақ мүгедектік белгіленген кезде пациенттердің маршруттарын жетілдіру жөніндегі шараларға тоқталды.
«Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеті ауруларды ерте анықтау және оңалтуды қолжетімді ету арқылы мүгедектік қаупін барынша азайту болып табылады. Біз скринингтік бағдарламаларды дәйекті түрде кеңейте береміз, өзара іс-қимылдың проактивті түрлерін енгіземіз және шешімдер толық әлі шынайы медициналық деректер негізінде қабылдануы үшін ақпараттық жүйелерді біріктіреміз», - деп атап өтті Әлия Рүстемова.
Кездесу барысында қатысушылар ақпараттық жүйелерді интеграциялау, медициналық құжаттарды ресімдеу мерзімін қысқарту және сараптамалық шешімдердің сапасын арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Жеке медициналық деректерді қорғау және азаматтардың медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіне деген сенімін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Талқылау қорытындысы бойынша мекемеаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтердің қолжетімділігін, объективтілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізу қажеттігі атап өтілді.