Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Сенаторлар өңдеу өнеркәсібі саласының өзекті мәселелерін талқылады

27-04-2023, 12:19 Думан Кенжеғазыұлы

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары «Өңдеу өнеркәсібін дамыту: нақты жай-күйі, проблемалары және даму перспективалары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Дамудың ағымдағы жай-күйі мен үрдістерін айқындау, сондай-ақ өңдеуші сектордың дамуына кедергі келтіретін жүйелі проблемалар мен кедергілерді анықтау және одан кейін нақты шараларды әзірлеу – шараның негізгі мақсаты болды.

Комитет төрағасы Сүйіндик Алдашев еліміздің ішіндегі шикізатты қайта өңдеу деңгейін арттыру және отандық өндірушілер шығаратын өнімді ең алдымен қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындарына өткізу қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау және салықтық жеңілдіктер беру кезінде технологиялық күрделі өндіріс екені ескерілмейді, соның нәтижесінде ірі торапты құрастырумен айналысатын компания да жеңілдік алатын жағдайлар орын алады. Жоғарыда аталған мәселелер арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы қолданыстағы заңнамаға еңбек өнімділігін арттыру, өндірісті жаңғырту мен әртараптандыру, инвестиция көлемі, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету туралы қарсы міндеттеме белгілейтін тиісті түзету енгізу арқылы шешуді талап етеді», - деп атап өтті сенатор.

Депутаттар бұл салада бірқатар проблемалар бар екенін атап өтті. Оның ішінде: өңдеу өнеркәсібінің экстенсивтілігі мен шикізат өндіруді бағдар етуі, инновациялық белсенділік пен оқшаулау деңгейінің төмендігі, индустриялық саясат пен мемлекеттік қолдау тетіктерінің әлсіздігі, уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар арасында тығыз байланыстың болмауы туралы айтылды.

«Ұлттық экономиканы жан-жақты әртараптандыру мен еліміздің шикізаттық бағыттан инновациялық және ғылымды қолдана отырып дамуына көшуін қамтамасыз ету үшін отандық өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса назар аудару қажет. Осыған байланысты «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға түзетулер енгізу ұсынылады», - деді сенатор Сағындық Лұқпанов.

Дөңгелек үстел отырысына сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы, экология, геология және табиғи ресурстар министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ даму институттарының, қауымдастықтар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.

Суретті түсірген: Б. Серікбай

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив