Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
489.3 578.94 6.38

Сенаторлар жаңа Конституцияның ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге барады

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралды және Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамы жаңартылды. Сондай-ақ іс-шарада сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Палата Спикері 19 ақпан мен 5 наурыз аралығында сенаторлар халықпен кездесу және азаматтарға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге баратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 15 наурызда жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум өтеді. Осыған орай депутаттар конституциялық реформалардың мәнін халыққа түсіндіру үшін өңірлерге барады. Кездесулерде халықпен ашық диалог құрып, конституциялық өзгерістер – Президентіміздің саяси бағдарының жүйелі жалғасы және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының институционалдық негізі екеніне баса мән беру қажет. Қолға алынған бастамаларды азаматтардың дұрыс түсініп, қабылдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамын бекітті. Осылайша, комиссияның бұрын бекітілген құрамына Сенаттан Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Советбек Медебаев қосылды. Ал, бұған дейін Палата атынан аталған құрам мүшесі болған Наурызбай Байқадамов жаңа лауазымға тағайындалуына байланысты комиссиядан шыққан еді.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. Іс-шарада бұл жобаларды іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, «жасыл» технологияларды енгізуге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал ететіні айтылды.

«Қаралған заң еліміздің аумағында жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаларды ілгерілету үшін әзірленген. Осы мақсатпен келісім аясында ірі жобаларды іске асырудың негізгі шарттары мен тәртібі анықталып отыр. Мақұлданған заң жаңартылған энергия көздерінен алынатын энергияның үлесін арттыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және зиянды қалдықтардың көлемін қысқартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Келісім аясында Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жел және күн электр станцияларын салу көзделген. Әр нысан энергия өндірумен қатар оны жинақтауға арналған инфрақұрылымды қамтитын жоғары технологиялық кешен ретінде құрылмақ. Ынтымақтастықтың маңызды шарты – ұзақ мерзімді тұрақтылық: яғни, аталған жобалар аясында электр энергиясын сатып алу жөніндегі шарттар 25 жылға есептелген.

Сонымен қатар бүгін туризм және балалар спорты мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер де қаралды. Сенаторлар мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мемлекеттің стратегиялық басымдықтары – ұлттық экономиканы әртараптандыруды және адам капиталын дамытуды іске асыруға арналған. Бұл ретте сөз туристік саланы және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту үшін ұзақ мерзімді құқықтық база қалыптастыру, сондай-ақ, экономикалық өсу, әлеуметтік даму және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жағдай жасау туралы болып отырғанын атап өткен жөн.

«Қаралған заң туристік саланы, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауды реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Туризм саласында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін қолданыстағы нормаларды жаңарту және жаңа тетіктер енгізу көзделіп отыр. Мақұлданған заң туризм саласын экономиканың басым бағыттарының біріне айналдыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мақұлданған заң арқылы туризм және спорт салаларын жүйелі жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының 13 заңнамалық актісіне өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатты жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін спорт саласындағы бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператордың қаржылық есептілігінің міндетті жыл сайынғы аудиті бойынша норма енгізілді. Сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің (БЖСМ) мәртебесі қосымша білім беру ұйымы ретінде бекітіліп, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі мен мемлекеттік тапсырыстың бірыңғай қағидалары қарастырылды. Деректерді есепке алу және талдау үшін дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасы құрылады. Осыған байланысты мемлекеттік спорт ұйымдарының деректерді цифрлық платформаға беру міндеті белгіленді.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Жанна Асанова стационарлардағы пациенттердің отбасыларын хабардар етудің бірыңғай цифрлық контурын енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай қадам дәрігерлерден өзіне тән емес функцияларды алып тастауға, сыбайлас жемқорлықтың негізін жоюға және халықтың сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Әлібек Нәутиев бірқатар ауылда Қазпошта қызметтерінің тоқтауына алаңдаушылық білдірді. Мұндай шешімге оператор қызметтерін қаржыландыру мәселелері себеп болып отырғаны белгілі. Осыған орай сенатор ауылдық жерлерде әмбебап байланыс қызметтерін толық көлемде субсидиялауды, қолдаудың баламалы тетіктерін енгізуді және басқа да шараларды ұсынды.

Алишер Сатвалдиев отандық қан қызметінің жұмысын жаңғыртуға қатысты мәселелер мен бұл бағыттағы нақты шараларға тоқталды. Сенатордың айтуынша, донор болу саласындағы мемлекеттік саясатты жаңарту және біліктілік санаттарын беруді нормативтік-құқықтық реттеуді қайта қарау керек.

Жанболат Жөргенбаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жер асты суларының мониторингін жетілдіру мәселелерін көтеріп, тиісті бастамалар топтамасына назар аударды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив