Курчатов қаласына 2026–2035 жылдарға арналған ғылым қалашығын дамыту жобасы әзірленді
Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ел аумағында ғылымды қажетсінетін үш өңір қалыптастыру жоспарланып отыр, солардың қатарында Курчатов қаласы да бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Болат Әбдіралиев хабарлады.
Қалада қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым қалыптасқан, сондай-ақ аумақтық кеңеюге мүмкіндік беретін бос жер телімдері сақталған. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі 2026–2035 жылдарға арналған Курчатов қаласында ғылым қалашығын дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірледі.
Жоба аясында жоғары технологиялық өндірістерді қолдау, басым ғылыми және ғылыми-техникалық бағыттарды дамыту, инновациялық қызметті ілгерілету, ғылыми және білім беру инфрақұрылымын нығайту, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мен инвестициялар тарту тетіктерін жетілдіру көзделген.