Абай облысында «Қаладан – ауылға» өңірлік форумы өтіп жатыр
Облыс әкімі Берік Уәли форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Абай облысында «Қаладан – ауылға» атты пилоттық жобаның басталғанын жариялап, мұның ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігін жаңғыртуға, кадрлық әлеуетін күшейтуге және жаңа серпін беруге бағытталған бастама екенін айтты.
Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облысқа 1,0 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда бағдарлама шеңберінде өңірдегі 10 ауданда қайта өңдеу саласы бағытында 28 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін қаржыландыру бойынша іс-шаралар атқарылуда. Биыл «Агроөнеркәсіп кешенінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру» Жол картасы аясында жалпы құны 23,1 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестиция көлемін 78,2 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Мемлекет басшысының соңғы Жолдауындағы ет өнімдерімен экспорттық әлеуетті арттыруды қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес Жаңасемей ауданындағы «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында 7,7 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна шығарылатын ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр. Ет комбинатының айналасында өндірістік бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттырып, толық өндірістік циклді қамтитын ет кластеріне айналмақ.
Облыста қой шаруашылығын дамыту мақсатында Абай облысының қой шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған салалық бағдарламасы әзірленуде. Қаржыландыру ағымдағы жылы іске қосылатын «Игілік» бағдарламасы арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Бағдарлама аясында 300 мың бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алу көзделіп отыр. Аталған бағдарламаға республикалық бюджеттен 50 млрд теңге көлемде қаражат бөлу пысықталуда. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде алдағы 5 жыл ішінде қой саны 1,2 млн бастан 2,3 млн басқа жеткізіледі.
Форумның пленарлық отырысында Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Аманат» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Қайрат Көшенов, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының төрағасы Мұхтар Әлімханұлы, «Елім-Ай Көкпекті» компаниясының директоры Болат Бекбердинов, «Мәуліт» шаруа қожалығының басшысы Қайырлы Қасенов, «Нарын» өндірістік кооперативінің төрағасы Олжас Шаймарданов сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.










