Конституциялық реформа – мемлекеттілікті нығайтудың маңызды қадамы: Курчатовта диалог алаңы өтті
Курчатов қаласында конституциялық реформа мәселелеріне арналған диалог алаңы өтті. Іс-шараға Қоғамдық кеңес мүшелері мен ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар республикалық референдум өткізу бастамасын қолдайтындықтарын білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістердің елдің әлеуметтік-саяси дамуы үшін өзектілігін атап өтті.
Талқылау аясында конституциялық өзгерістердің әділеттілік, заңдылық және құқық үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға бағытталғаны айтылды. Қоғам өкілдері Негізгі заңды жетілдіру мемлекеттік жүйені жаңғыртудың және демократиялық институттарды күшейтудің маңызды кезеңі екенін жеткізді.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Киселёва Любовь Валерьевна реформаның негізгі бағыттары бойынша баяндама жасап, конституциялық өзгерістердің басты тұстарын жан-жақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Қоғамдық кеңес төрағасы Д. Сараев референдум өткізу туралы шешімнің тарихи маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамасы ел дамуының алдағы бағытын айқындайтын маңызды кезең болмақ. Ол конституциялық реформаның мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, әділеттілік қағидаттарын нығайтуға және азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге бағытталғанын жеткізді.
Диалог барысында қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттыруға, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге және ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпал ететінін атап өтті. Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің өкілдері реформаның елдің тұрақты әрі орнықты дамуына берік негіз қалайтынын айтты.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар қала тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, референдумға қатысуға шақырды. Әрбір азаматтың таңдауы мемлекеттілікті нығайтуға және елдің болашақ дамуына қосылған маңызды үлес екені атап өтілді.