Әскери билет тегін білім алу жолы
Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарған сарбаздар бүгінде білім алып, болашаққа нық қадам басуда. Қазіргі таңда бірқатар бұрынғы әскери қызметшілер Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінде мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Бұл мүмкіндік Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Сарбаз 2.0» білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама әскери қызметін өтеген жастардың жоғары білім алуына жағдай жасап, олардың азаматтық өмірге бейімделуіне қолдау көрсетуді мақсат етеді.
Аталған оқу орнының студенті Арсен Мағауияновтың айтуынша, бұл мүмкіндік – Қорғаныс министрлігі тарапынан көрсетіліп отырған үлкен әрі маңызды қолдау.
Тағы бір студент Дамир Байболатов өз сөзінде әскерден кейінгі өмірге бейімделуде бұл гранттың маңызы ерекше екенін атап өтті.
Әлихан Бөкейхан университетінде білім алып жатқан студент-сарбаздар таңдаған мамандықтары бойынша терең білім алып, алдағы уақытта ел дамуына өз үлестерін қосуды мақсат етеді. Олардың айтуынша, әскери қызметте қалыптасқан тәртіп пен табандылық оқу барысында да үлкен көмек беруде.
Бұл бастама – әскери борышын өтеген жастарды қолдаудың нақты көрінісі. «Сарбаз 2.0» бағдарламасы арқылы білім мен тәжірибені ұштастырған жас мамандар болашақта елдің тірегі боларына сенім мол.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі




