Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Абай облысында жастарға шағын несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауда

27-04-2023, 15:01 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жастарға шағын несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды жалғастыруда. Өтінімдерді қабылдау биылғы жылдың  наурыз айынан басталды және осы аралықта Абай облысы бойынша жас кәсіпкерлерден жеңілдетілген жылдық 2,5 пайызбен микрокредит алуға 86 өтініш келіп түскен.

Атап айтсақ, 71 өтінім мал шаруашылығын, 9 өтініш қызмет көрсету саласын, 3 өтініш сауда, 3 өтініш жеңіл өнеркәсіп саласын қаржыландыру бойынша түскен. 2023 жылы Абай облысы бойынша кемінде 211 несие беру жоспарлануда. Бұл мақсатта 1 млрд. 55 млн. теңге бөлінген. 

- Микрокредиттер 5 жылдан аспайтын мерзіммен (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін) жеке кәсіпкер ретінде тіркелген  21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін беріледі. Бұл ретте қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген кезде ескеріледі. Айналым қаражатын толтыруға берілетін несиенің мерзімі – 24 айға дейін, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру мерзімі - 36 айға дейін. Айналым қаражатын 100 пайыз толтыруға рұқсат берілмейді, несиенің бір бөлігі ғана бағытталуы мүмкін,- дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның  Абай облыстық филиалының несие бөлімінің басшысы Тимур Акатаев.

Кепіл ретінде республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағынысты қалаларда және өзге де елді мекендерде орналасқан жылжымайтын мүлік, егістік жер және арнайы техника қарастырылады. Қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі – несие тарихының жақсы болуы. Өткен екі жылда өтелмеген несие мерзімі 180 күннен аспауы керек. 

Несиені қаржыландыру туралы шешімді облыс әкімдігі жанынан құрылған конкурстық комиссия шығарады. Комиссия жұмысы 26 сәуірден басталды. Бүгін өткен алғашқы отырыста 10 өтініш қаралып, үміткерлер өз бизнес жобаларын таныстырды. Бизнес-жоспарды бағалау парағына сәйкес жоғары ұпай жинаған кәсіпкерлердің жобалары қаржыландырылатын болады.

Комиссияға алғашқы болып жобасын ұсынғандардың бірі Жарма ауданы Аршалы ауылынан келген 25 жастағы кәсіпкер – Қуанышбек Желдібаев.

- Ауылда өз қожалығым бар. Өз ісімді биыл ақпан айында бастадым. 4 млн. 900 мың теңгеге 14 бас ірі қара мал сатып алу үшін жеңілдетілген несиеге өтінім беріп отырмын. Ауылда өскендіктен, малдың жай-күйін білемін. Оған қоса Шәкәрім университетінде ветеринария мамандығында білім алғанмын. Ауылда ветеринар ретінде де жұмыс істеймін. Бұл бағдарламада  несие мөлшерлемесінің төмен болуы жастар үшін өте тиімді,- дейді Қуанышбек Желдібаев.

Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Айман Нұрлыбектің айтуынша, алдымен, бизнес-жоспарлардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі бағаланады. 

Айта кетейік, комиссияның келесі отырысы мамыр айының ортасына  жоспарланған.

Қазіргі уақытта Абай облысы бойынша шағын несие алуға өтінімдер Семей қаласы, Мұхамедханов көшесі, 23 а мекенжайында орналасқан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Абай облысы бойынша филиалында қабылдануда.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив