Абай облысында өңірлік коалиция өндіріс ұжымымен кездесу өткізді
Абай облысында республикалық референдум қарсаңында өндіріс ұжымымен ашық кездесу өтті. Іс-шара Семей қаласындағы DAEWOO BUS KAZAKHSTAN ЖШС өндірістік алаңында ұйымдастырылып, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының бастамасымен өткізілді.
Кездесуге Абай облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков және коалиция мүшелері қатысты. Жиынға 100-ге жуық кәсіпорын қызметкері жиналды. Басқосуда жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, енгізілетін өзгерістердің мазмұны және 15 наурызда өтетін республикалық референдумның саяси-құқықтық маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Шалқар Байбеков Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелеріне тоқталып, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 15 наурызда жалпыұлттық референдум өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде құрылған коалицияның басты міндеті – жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен әрі дұрыс түсіндіру.
Сонымен қатар ол кәсіпорынның өңір экономикасындағы маңызын ерекше атап өтті:
«Бұл өндіріс орнында 450-ге жуық адам еңбек етеді. Сіздер тек өнім шығарып отырған жоқсыздар, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып келесіздер. Еңбек адамдарының пікірі – әрқашан маңызды. Сондықтан ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын сәтте белсенділік танытуға шақырамын», – деді ол.
Кездесу барысында коалиция мүшелері – «Ауыл» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Қайрат Смағұлов, облыстық мәслихат депутаты Қуаныш Қасенов, Абай облысы бойынша Әйелдер қанатының кеңесшісі Айгерім Смағұлова, «Respublica» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш сөз сөйлеп, конституциялық өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар Конституцияның 3 және 30-баптарына енгізілетін өзгерістердің мәні түсіндірілді.
Жиын соңында еңбек ұжымы өкілдері өз пікірлерін білдірді. Кәсіпорын қызметкері Серік Омаров кездесуде Конституция жобасының мазмұны нақты әрі түсінікті жеткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, референдум – әр азаматтың жауапкершілігін айқындайтын тарихи кезең.
Кездесу ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Қатысушылар Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді қолдайтындарын білдірді.






