Сенаторлар жаңа Конституцияның жобасын талқылады: азаматтардың құқықтары мен тарихи естелік жайы туралы айтылды
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бибигүл Жексенбай мен Дархан Қыдырәлі Ұлттық мұрағат ұжымымен кездесіп, жаңа Конституцияның жобасын және оның қоғам үшін маңыздылығын талқылады. Жүздесуге қатысушылар бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі және әділдік пен жауапкершілікті қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөліне қалай әсер ететінін айтты.
Бибигүл Жексенбай жаңа Конституцияның әр адамның күнделікті өміріне қатысты құжат екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы – бұл мемлекет пен азаматтар арасындағы жаңа қоғамдық келісім. Онда құқықтар мен бостандықтардың кепілдігі, жеке өмір мен дербес деректер және балаларды зиянды ақпараттан қорғау күшейтіледі. Бұл ережелер адамдардың өміріне тікелей әсер етеді. Референдум – бұл әркімнің өз таңдауын жасап, еліміздің болашағына әсер ету мүмкіндігі», - деді Бибигүл Жексенбай.
Дархан Қыдырәлі мұрағат саласының реформалар жағдайындағы маңызына назар аударды.
«Сіздердің жұмыстарыңыз ашықтық, дербес деректерді қорғау және азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығының конституциялық қағидаттарын іске асыруға тікелей байланысты. Мұрағат ісін цифрландыру, деректер базасын дамыту, құжаттардың сақталуы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – бұл құқықтық мемлекет пен еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлес», - деп атап өтті ол.
Бибигүл Жексенбай сонымен қатар Жалпыұлттық коалиция аясында жаңа Конституцияның жобасын түсіндіру бойынша Астанада тағы да кездесулер өткізді. Этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және Достық үйінің қызметкерлерімен пікірлесу барысында Конституциялық қағидаттарды іске асыруға азаматтық сектордың қатысу мәселелері талқыланды.
«Конституция мамандардың тар шеңбердегі құжаты емес. Бұл еліміздің даму стратегиясын белгілейтін тарихи құжат. Ол мемлекеттің негізгі міндеттемелерін және әрбір азаматтың құқықтарын бекітеді. Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтары, жеке өмірге қол сұғылмау және дербес деректердің қауіпсіздігін қорғау айтарлықтай күшейтілді», - деді ол.