Гагарин ауылының тұрғындары Конституциядағы өзгерістерді талқылады
Бұқар жырау ауданы Гагарин ауылында Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің жергілікті тұрғындармен кездесуі өтті. Жиынға ауылдың белсенді азаматтары, қарттары мен жастары, қарапайым тұрғындары бар 60-қа тарта адам қатысты.
Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында қатысушылар әлеуметтік салада күтілетін өзгерістерді, жаңа Конституцияда кепілдік берілген «Мемлекет адам үшін, адам мемлекет үшін емес» қағидасының іске асырылу жолдарын, сондай-ақ қоғамдық бірлікті нығайтуға арналған механизмдерді талқылады.
Талқылаудың басты тақырыбы жаңа редакциядағы Ата заңда адам өмірі мен қадір-қасиетінің ең жоғары құндылық ретінде бекітілуі болды. Бұл барлық азаматқа білім алуға, медицина қызметіне қол жеткізуге және әлеуметтік қорғауға кепілдік береді. Ауыл тұрғындарын әсіресе осы құқықтарды іске асыру үшін мемлекет ауылды дамытуға, аграршыларды, кәсіпкерлерді және жастарды қолдауға жағдай жасауға міндеттенетіні қуантты. Адами капиталды білім, ғылым және инновациялар арқылы дамыту туралы нормалар да ауыл тұрғындары үшін маңызды болды.
Кездесуде жергілікті азаматтар көлік жолдары, су тарту, жұмыссыздық, мектептер мен дәрігерлік амбулаториялардың жұмысы, фермерлік шаруашылықтарды қолдау сынды мәселелерді көтерді. Бұл мәселелердің шешімі тікелей жаңа Конституция жобасында бекітілген қағидалармен байланысты екені атап өтілді. Себебі, Ата заңда мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілік шеңбері нақтыланған.
Гагарин ауылының тұрғындары, әсіресе, халықтың қоғамдық жағдайларға араласуына ерекше назар аударды. Олардың пікірінше, тек құқықтық нормаларды бекіту ғана емес, сонымен қатар әрбір азамат өзінің маңыздылығын сезінуі, ел болашағын айқындауға араласуына жағдай жасау да өзекті.
Мазмұнды кездесу қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары жаңа Конституция жобасына қолдау білдіріп, референдумға қатысу елдің болашаққа бағдарын қалыптастыратын маңызды қадам екенін атап өтті.





