Салық төлеушілер берешекті 31 наурызға дейін өтеуге тиіс
Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің салықтық жүктемесін азайту мақсатында өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жөніндегі арнайы қолдау шарасы енгізілді. Бұл шара 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша осы санаттағы салық төлеушілерге қатысты қолданылады.
Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін кәсіпкерлер негізгі берешекті 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтеуі қажет. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз алаңында берешектермен жұмыс басқармасының бас маманы Үрбала Әжібекова хабарлады.
Негізгі қарыз толық өтелген жағдайда 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есептелген барлық өсімпұлдар, берешек жабылғанға дейін жинақталған өсімпұлдар, сондай-ақ салықтық құқық бұзушылықтар мен қосылған құн салығы бойынша тіркеусіз қызмет көрсеткені үшін салынған айыппұлдар есептен шығарылады. Сонымен бірге мерзімінен бұрын төленген міндеттемелер бойынша есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар да жойылады.
Айта кету керек, бұл шара кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ жеке тұлғалардың берешегіне қолданылмайды.