Cемей-23°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
501.26 590.38 6.54

Сенаторлар: Референдум - халықтың еркін таңдауын айқындайтын басты саяси тетік

Бүгін, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Түркістан облысында Ата Заңның жаңа жобасын талқылау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Жалпыұлттық коалиция қызметі аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатвалдиев Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесті.

Түсіндіру жұмыстары «Түлкібас инновациялық кешені» ЖШС өндірістік алаңының жұмысшыларымен кездесуден басталды. Диалог барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, соның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері, еңбек адамының мәртебесін көтеру және оны әлеуметтік қорғау шаралары егжей-тегжейлі қаралды. Еңбек ету құқығын, мамандықты еркін таңдауды, қауіпсіз еңбек жағдайын, сондай-ақ жұмыс уақыты мен демалыс мәселелерін бекітетін конституциялық нормаларға ерекше назар аударылды.

Жиын қатысушылары алдында сөз сөйлеген сенатор Әли Бектаев алдағы референдумның маңыздылығы мен ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің жүйелі сипатын атап өтті.

«Референдум - халықтың еркін таңдауын көрсететін басты саяси тетік. Жаңа Конституция мемлекет пен азаматтардың өзара міндеттемелерін нақтылап, қоғам дамуының стратегиялық бағытын айқындайды. Алғаш рет Ата Заңның преамбуласында білімді, ғылымды және инновацияны дамыту бойынша міндеттемелер бекітілді, бұл елдің ұзақ мерзімді дамуының іргетасына айналады», - деді сенатор.

Жұмыс сапары «Sas-tobe Trade» ЖШС өндірістік алаңында жалғасып, жұмысшылармен ашық диалог форматында Конституция жобасының жекелеген нормалары талқыланды. Кездесуге қатысушылар мемлекет қызметінің негізгі принциптерін бекітетін және азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтетін ережелерге басымдық берді.

«Конституция жобасында маңызды кепілдіктер қарастырылған: азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе оларға жаңа міндеттемелер жүктейтін заңдардың кері күші болмайды. Бұдан бөлек, Ата Заңда жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты бекітіледі. Бұл нормалар азаматтардың құқықтарын қорғауға және ұлттық байлықтың қоғам игілігіне қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған», - деп түйіндеді Әли Бектаев.

Сенатор Мұрат Қадырбек өз сөзінде конституциялық өзгерістер мемлекеттік биліктің теңгерімділігін қамтамасыз етуге, адам капиталын дамытуға, цифрлық экономикаға көшуге, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталғанына назар аударды.

Сондай-ақ, сенаторлар «Тең қоғам» белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Түлкібас ауданының әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағдарланғаны айтылды.

Сенатор Алишер Сатвалдиев зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік төлемдер, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау мәселелері мемлекеттік саясаттың тұрақты назарында екенін жеткізді.

Кездесу соңында сенаторлар тұрғындардың ұсынылып отырған өзгерістерге деген жоғары қызығушылығын атап өтіп, азаматтарды республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив