KAZ Minerals Тобы «Елімай» футбол клубының негізгі серіктесі атанды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстанда футболды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында облыс әкімі Берік Уәли KAZ Minerals Тобының басшылығы және «Елімай» футбол клубының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамыту мәселелері, сондай-ақ, 2026 жылғы маусымда облыс атынан UEFA Конференциялар лигасына қатысатын «Елімай» футбол клубының алдағы даму болашағы талқыланды.
Кездесуге қатысушылар кәсіби спортты дамытудың мемлекет пен бизнестің серіктестігіне негізделген, клубтардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін неғұрлым теңгерімді үлгісіне көшу маңызды екенін атап өтті. Бұл тәсіл Президент айқындаған спорт саласындағы жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес келеді.
Кездесу барысында инфрақұрылымдық базаны дамытуға, жас футболшыларды даярлауға және алдағы маусымдарда клубтың жүйелі жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды.
Аймақ басшысы мемлекет тарапынан өңірде футболды дамытуға қолдау көрсету жалғасатынын атап өтті.
KAZ Minerals Тобы клубтың қызметін ұйымдастыруға, соның ішінде клуб командаларының Қазақстан Республикасының ішкі жарыстарына және Еурокубоктарға қатысуын қамтамасыз етуге қатысты міндеттемелерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар футболды және өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған өзара іс-қимыл форматтарын одан әрі пысықтау және бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.
«KAZ Minerals Management» басқарма төрағасы Эльдар Мамедов компания өңірлерде ұзақ мерзімді әлеуметтік жобаларды іске асырып келе жатқанын атап өтті.







