Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің басшысына жаңа Конституцияның негізгі ережелері туралы айтып берді
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропа Одағының Қазақстандағы Өкілдігінің Басшысы Алешка Симкичпен кездесті. Палата Спикері дипломатқа Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы айтып берді. Сондай-ақ кездесуде ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту мәселелері талқыланды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде конституциялық реформа Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің дәйекті жалғасы екенін айтып, осы бағыттағы маңызды міндеттерге тоқталды. Ол бұл іргелі жаңғырту әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты қағидаттарға негізделгенін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 15 наурызда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум өтеді. Конституциялық реформаның мәні күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жүйесін нығайту және саяси жүйені демократияландыру екенін атап өткен жөн. Жаңа Ата Заң – Әділетті Қазақстан идеясын іске асыруға, тиімді мемлекеттік жүйе құруға және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге қажетті құқықтық негіз қалыптастыратын тарихи құжат», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сұхбат кезінде аталып өткендей, жаңа Конституция жобасы Әділетті Қазақстан идеясын толық іске асырудың құқықтық негізін бекіте түседі. Сондай-ақ маңызды тұжырымдамалық өзгерістердің тағы бірі адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалғанын айта кеткен абзал.
Өз кезегінде ЕО Өкілдігінің басшысы біздің мемлекетте жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларға халықаралық қоғамдастық тарапынан ерекше қызығушылық байқалатынын және Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Осыған байланысты Сенат Төрағасы Қазақстан мен ЕО-ның өзара сенімге негізделген серіктестігіне назар аударып, бұл ретте екіжақты диалогтың белсенді динамикасы маңызға ие екенін айтты. Мәулен Әшімбаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаның Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін тілге тиек ете келе, оны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр желтоқсанда I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттағанын атап өтті.
Сенат Төрағасы парламентаралық байланыстарды сапалы жаңа деңгейге көтеру Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі екеніне де назар аударды.
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік-логистика, экологиялық таза энергетика, цифрлық технологиялар, су ресурстарын басқару, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері де талқыланды.