Әскери тағылымдама – кәсіби шыңдалу жолы
Абай гарнизонына қарасты әскери бөлімдерде Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары әскери тағылымдамадан өтуде. Болашақ офицерлер өңірдегі әскери бөлімдерде теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдап, жауынгерлік даярлықтың қыр-сырын меңгеріп жатыр.
Солардың бірі – 32388 әскери бөліміне келген курсант Рамазан Зияділда. Ол – техника саласын таңдаған, әскери техниканың құрылымы мен қызмет көрсету тәртібін жетік меңгеруге ұмтылған жас маман.
Тағылымдама барысында курсант әскери техникаларды тексеру, ақауларын анықтау, алдын алу жұмыстарын жүргізу және оларды ұрысқа дайын күйде ұстау бағытында тәжірибе жинақтауда. Бөлімнің тәжірибелі мамандарынан ақыл-кеңес алып, іс жүзіндегі дағдыларын жетілдіруде.
Әскери тағылымдама – жас маманның кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең. Осындай тәжірибеден өткен курсанттар ертең ел қорғаны болар білікті офицерге айналары сөзсіз.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі



