Коалиция мүшелері «IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі» ұжымымен кездесті
Жалпыұлттық коалицияның Абай облыстық филиалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта өңірлік коалиция мүшелері Оралхан Сартаев, Қанат Шапатов және Думан Кенжеғазыұлы Семей қаласындағы «IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің» оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты таныстырылып, олардың негізгі бағыттары мен қоғам үшін маңызы кеңінен түсіндірілді. Спикерлер конституциялық жаңашыл бастамалардың елдің орнықты дамуына, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Ата заң тек құқықтарды айқындап қана қоймай, азаматтардың міндеттерін де нақтылайтыны айтылды.
Думан Кенжеғазыұлы жаңа Конституцияның 21-бабына тоқталып, онда алғаш рет «цифрлық қорғау» ұғымы енгізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл норма азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтіп, мемлекет тарапынан цифрлық қауіпсіздікке кепілдік беруді көздейді.
Кездесу барысында білім беру саласының қоғам қалыптастырудағы рөлі, педагог мәртебесі, инфрақұрылымды жаңғырту және тәрбиелік жұмыстың маңызы да кеңінен талқыланды. Педагогтер өз пікірлерін білдіріп, жастардың қабілеті мен шығармашылық әлеуетін дамытуда конституциялық кепілдіктердің маңызды екенін атап өтті.
Жиын соңында коалиция мүшелері ұстаздарды 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.



