Абай облысында ауылдық ҮЕҰ-ды қолдау шаралары басталды
Абай облысында Үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық күніне орай дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, сарапшылар, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиын барысында азаматтық қоғам институттарын дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру, ауылдық ҮЕҰ әлеуетін күшейту және өңірдегі үшінші сектордың өзекті мәселелері талқыланды.
Биыл Абай облысында үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік және консультациялық қолдау көрсететін Азаматтық ресурстық орталық өз жұмысын бастайды. Сонымен қатар, алғаш рет ауылдық ҮЕҰ-ға арналған гранттар қарастырылып отыр.
Жаңа қолдау шаралары туралы Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Эльзира Солтабаева хабарлады. Оның айтуынша, қоғамдық ұйымдардың қызмет ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Осыған байланысты жаңадан тіркелген бірлестіктерге де, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысуды жоспарлап отырған ұйымдарға да тұрақты сүйемелдеу жүйесін қалыптастыру аса маңызды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, әлеуметтік жобалардың сапасын арттыру, сондай-ақ өңірлік деңгейде ақпараттық қолдауды жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты. Ауылдық жерлердегі ҮЕҰ-дың материалдық-техникалық базасын нығайту, кадрлық әлеуетін арттыру және гранттық қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту бағытында ұсыныстар айтылды.
Іс-шара қорытындысында өңірдің қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері алғыс хаттармен марапатталды.