Қазақстандағы конституциялық реформа елдің халықаралық беделіне де ықпал етеді — сарапшы
Қазақстанда өтетін алдағы референдум елдің ішкі саяси жүйесіне ғана емес, халықаралық аренадағы позициясына да ықпал етуі мүмкін. Прагадағы CEVRO университеті жанындағы Азия-Тынық мұхиты зерттеулері орталығының атқарушы директоры, халықаралық қатынастар саласының сарапшысы Jan Železný (Ян Железны) Қазақстандағы конституциялық реформаның маңызы және оның халықаралық әріптестікке ықтимал әсері туралы Kazinform меншікті тілшісімен пікір бөлісті.
— Реформалар Қазақстанның халықаралық және өңірлік әріптестіктеріне қалай әсер етуі мүмкін?
— Меніңше бұл конституциялық өзгерістерді жеке-дара емес, қазір Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар бағытының контексінде қарастыру қажет. Әңгіме тек саяси трансформация туралы ғана емес, экономикалық күн тәртібі, жаңа технологиялық процестерге бейімделу, соның ішінде жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қалыптасып жатқан жаһандық экономикалық архитектурада Қазақстанның барынша айқын орын алуға ұмтылысы туралы болып отыр.
Саясаттану тұрғысынан қарағанда, болып жатқан өзгерістер саяси жүйенің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған кеңірек институционалдық тұжырымдаманың бір бөлігі сияқты көрінеді.
Мұндай тәсіл Қазақстанның халықаралық аренада мемлекеттер үшін де, шетелдік инвесторлар, бизнес және басқа да сыртқы қатысушылар үшін де сенімді серіктес позициясын күшейтуге ықпал етуі мүмкін.
Кеңірек мағынада бұл реформалар күннен-күнге көпполярлы болып келе жатқан әлемде Қазақстанның позициясын нығайта алады. Әрине қазіргі халықаралық ортада елеулі сын-қатерлер бар — жаһандық күштер балансы өзгерді, жаңа ықпал орталықтары пайда болып, дәстүрлі және жаңа ойыншылар арасындағы бәсеке күшейді. Алайда бұл үдерістер тек Қазақстанға емес, көптеген басқа мемлекеттерге де әсер етіп жатыр.
Осы жағдайлар аясында Қазақстанның белсенді әрі теңгерімді сыртқы саясат жүргізуге ұмтылып отырғаны байқалады. Ел аймақтағы рөлін нығайтып, өзін жауапты «орта держава» ретінде біртіндеп орнықтырып келеді. Бұл тұрғыда конституциялық өзгерістер ішкі тұрақтылықты күшейтетін қосымша факторға айналуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанның өңірлік және халықаралық үдерістерге анағұрлым белсенді әрі ықпалды қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
— Азаматтардың референдумға қатысу белсенділігі Қазақстанның халықаралық және өңірлік деңгейде қалай қабылдануына әсер етуі мүмкін бе? Егер әсер етсе, қалай деген сұрақ бар?
— Әрине, кез келген дауыс беруге азаматтардың қатысуы мемлекеттің ішкі дамуы үшін ғана емес, оның халықаралық аренадағы қабылдануы үшін де аса маңызды. Әсіресе осындай ауқымды конституциялық реформа кезінде бұл мәселенің маңызы ерекше артады. Егер өзгерістер Конституция мәтінінің 80 пайыздан астамын қамтыса, бұл объективті түрде азаматтардың кеңінен қатысуын және қоғамның жоғары деңгейде ақпараттандырылуын талап етеді.
Дәл осы факторлар реформалар процесінің де, саяси жүйенің негізін қалыптастыратын жаңа конституциялық модельдің де легитимділігін айқындайды. Оның үстіне легитимділік тек ішкі аудитория үшін ғана емес, сыртқы бақылаушылар — шетел үкіметтері, халықаралық ұйымдар, инвесторлар, бизнес қауымдастық және басқа да қатысушылар үшін де маңызды.
Сондықтан бұл жағдайда азаматтық белсенділік ерекше мәнге ие. Сұхбатқа дайындалып отырып, Қазақстан билігінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен (ЕҚЫҰ) өзара іс-қимылы, халықаралық байқаушыларды, соның ішінде ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы өкілдерін және басқа да тиісті қатысушыларды шақыруы назарымды аударды. Бұл маңызды элемент, өйткені ол референдум процесіне ел ішінде де, халықаралық әріптестер тарапынан да сенімді арттыра түседі.
— Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылып отырған бұл өзгерістердің ауқымын қалай бағалайсыз?
— Ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы шынында да өте үлкен. Әңгіме жекелеген түзетулер туралы ғана емес, Конституция мәтінін қайта қарау жөнінде болып отыр: өзгеріс мәтіннің 80 пайыздан астамын қамтиды, ал жаңа элементтер Конституцияның негізгі бөлігіне ғана емес, оның преамбуласына да енгізіледі. Мұның барлығы тұтас конституциялық жүйені қамтитын кешенді реформа туралы айтуға мүмкіндік береді.
Ең басты жаңалықтардың бірі — екі палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшу.
Саясаттану оқулықтарында мұндай қадам әдетте саяси және рәсімдік шешім қабылдау тетіктерін жеңілдетуге әрі жеделдетуге ұмтылыс ретінде түсіндіріледі. Егер бұл үдерісті кеңірек контексте қарастырсақ, ол ішкі міндеттермен ғана емес, халықаралық ортаның өзгеруімен де байланысты.
Қазақстан сыртқы сын-қатерлерге де, әлемдік тәртіптің өзгеруінен пайда болып жатқан жаңа мүмкіндіктерге де жақсырақ дайын болу үшін өзінің ішкі институционалдық құрылымын нығайтуға ұмтылып отырғандай әсер қалдырады. Басқаша айтқанда, мәселе ішкі басқару моделін қайта қарауда ғана емес, мемлекеттік жүйені жаңа халықаралық ортаға бейімдеуге талпыныс жасауда болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформа елдің ішкі құрылымы үшін ғана емес, оның өңірдегі және кеңірек халықаралық контекстегі орны үшін де маңызды болуы мүмкін.
— Конституциялық реформалар елдің сыртқы саяси бағытына әсер ете ме, әлде мұндай үдерістер негізінен ішкі сипатта бола ма?
— Егер бұл мәселеге саясаттану тұрғысынан қарасақ, ең алдымен Конституция мәтініне — оның құрылымына, мазмұнына және ұсынылып отырған өзгерістердің сипатына назар аударылады. Алайда мұндай үдерісті тек ішкі мәселе ретінде қарастыру дұрыс болмас еді. Конституциялық реформа кез келген жағдайда сыртқы өлшемге де ие.
Жобаның преамбуласы мен бірқатар ережесіне назар аударсақ, Қазақстан белгілі бір дәрежеде ішкі даму логикасын ғана емес, негізгі халықаралық серіктестерінің қалауын да ескеріп отырғанын байқауға болады. Осы тұрғыда ең алдымен Еуропалық одақты атап өтер едім. Ол Қазақстанның ең маңызды сауда серіктестерінің бірі және соңғы жылдары Қазақстанға ғана емес, жалпы Орталық Азия өңіріне қызығушылығын арттырып келеді.
Қазіргі халықаралық жағдайда Еуропалық одақ Қазақстанды жеткізу тізбектерін әртараптандыру мәселесінде маңызды серіктес ретінде қарастырады. Бұл әсіресе сирек кездесетін материалдар мен басқа да стратегиялық маңызы бар ресурстар саласына қатысты. Оған қоса, Қазақстан Азиядағы өндірістік орталықтар мен Еуропадағы тұтыну нарықтары арасындағы логистикалық бағыттарда маңызды көлік торабы ретінде де жиі қарастырылады.
Сонымен бірге, Қазақстанда болып жатқан үдерістерге Еуропалық одақ қана қызығушылық танытып отырған жоқ. Басқа да сыртқы ойыншылар, соның ішінде НАТО-ға мүше мемлекеттер де өңірдегі жағдайдың дамуын мұқият бақылап отыр. Өз кезегінде Қазақстан да Еуропалық одақпен ынтымақтастықты өзінің сыртқы саясатының стратегиялық маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырып отырғаны байқалады.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа конституциялық тәсілдің жекелеген элементтері, атап айтқанда, адамға бағдарлану және жеке бостандықтарға басымдық беру — еуропалық серіктестер үшін ерекше мәнге ие болуы мүмкін. Дәл осындай қағидалар реформалардың бағыты мен олардың саяси мазмұнын айқындайтын маңызды көрсеткіштер ретінде қабылдануы ықтимал.
Түптеп келгенде, шешуші фактор — жобаның мазмұны ғана емес, оны іс жүзінде қалай жүзеге асыру болмақ. Егер жаңа Конституцияны Қазақстан азаматтары қолдаса, оны кейінгі кезеңде сапалы әрі жүйелі түрде енгізу елдің ішкі тұрақтылығы үшін де, халықаралық серіктестердің, ең алдымен еуропалық тараптың бағалауы үшін де басты мәнге ие болады.
Айжан Серікжанқызы / Kazinform