Мәжіліс Әзербайжан және Өзбекстанмен жасыл энергетиканы дамыту туралы келісімді ратификациялады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар ТМД елдерімен, сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан және Тәжікстанмен түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық аясындағы бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады.
Мәжіліс Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан елдері арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялап, Сенатқа жолдады. Тараптар бұл құжатқа 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде қол қойған. Келісімді депутаттарға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды.
– Келісім үш елдің жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пайдалануға және жасыл аммиак пен сутекті қамтитын экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамытуға бағытталған. Жоба аясында Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзербайжанға Каспий теңізінің түбі арқылы суасты кабелін салу арқылы жасыл энергия беру жоспарланып отыр. Бұл сондай-ақ электр энергиясын Қара теңіздегі осындай жоба арқылы Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді, – деді министр.
Е.Ақкенженовтің айтуынша, қазіргі таңда жоба белсенді іске асыру кезеңінде. Үш елдің энергетикалық ведомстволары Азия даму банкімен және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен меморандумға қол қойған. Соның аясында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қаржыландырылады. Нәтижесінде жобаның қаржылық моделі мен негізгі техникалық параметрлері айқындалады.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды үшжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мен интеграциялау, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру қамтылатынын айтты. Оның ішінде жаңа энергетикалық жүйеаралық байланыстар құру да бар. Өзара іс-қимыл тараптардың теңдігі, өзара тиімділік, егемендік пен ұлттық мүдделерді құрметтеу қағидаттарына негізделіп, қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Депутаттар Қазақстанда осы келісім аясында іске асырылатын жобалар, олардың іске қосылу мерзімдері және Каспий теңізі арқылы электр энергиясын тасымалдауға арналған инфрақұрылым туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ жасыл сутегі мен аммиактың қандай шарттармен сатылатынын нақтылады.
Сонымен қатар Мәжіліс Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты да ратификациялады. Бұл құжатқа тараптар 2024 жылғы 22 тамызда Душанбеде қол қойған.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, құжат кең ауқымды ынтымақтастық салаларын қамтиды. Қазіргі уақытта екі ел арасында жүзге жуық екіжақты келісім бар. Атап айтқанда, шартта саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми, технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл нысандары мен тетіктерін жетілдіру қамтылған.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Максим Рожин тараптар парламентаралық достық топтары мен парламентаралық ұйымдар аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды қолдайтынын айтты. Сондай-ақ олар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерін өңірлік мәселелерді талқылау мен шешудің негізгі тетігі ретінде қарастырады. Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – су ресурстарын ұтымды, өзара тиімді пайдалану және қорғау.
– Кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған сауда-экономикалық өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылады. Бұл инвестицияларды қолдау мен өзара қорғауды, сондай-ақ екі елдің азаматтары, кәсіпорындары және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да қатысушылары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуды қамтиды, – деп нақтылады Максим Рожин.
Депутаттар сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимыл туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде қол қойылған.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, келісім аясында тараптар радиациялық жағдай туралы деректерді алмасу үшін уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруға тиіс. Сонымен қатар радиациялық жағдайдың жай-күйі мен оның өзгерістері туралы өзекті ақпарат ұсыну және радиоактивті заттардың трансшекаралық таралу қаупі немесе фактісі туындаған жағдайда деректер алмасу көзделген.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Вера Ким бұл келісімді іске асыру Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарының денсаулығын қорғауға және қоршаған ортаға төнетін қауіпті азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында депутаттар жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді. Депутат Нартай Сәрсенғалиев бұл құжат Мемлекет басшысы бастамашы болған саяси реформалардың нәтижесі екенін, ол қоғамда жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Ата заң жобасы «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын нығайтуға, адам капиталын, ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған. Депутат сондай-ақ қос азаматтыққа тыйым салу, теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту және Ата заңды тек халықтың тікелей қатысуымен өзгерту нормаларына назар аударды.
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов өз сөзін бірінші кезекте қазақстандық жастарға арнады. Ол тәуелсіздік жылдарында еліміз айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Білім алу мен халықаралық деңгейде мансап құру мүмкіндіктері кеңейгеніне, цифрлық экономика мен өнеркәсіптік жобалар қарқынды дамып жатқанына, қоғамда мәдениетаралық келісім сақталғанына тоқталды. Депутат, әсіресе, жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мемлекеттің мықты болуы ерекше маңызды екенін айта келіп, жаңа Конституция жобасы Парламенттің рөлін күшейтетінін, азаматтардың шешім қабылдауға қатысу жолдарын кеңейтетініне, елдің ұзақ жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтынына назар аударды.