«Семаз» ЖШС жаңа техника үлгілерін көрсетті
Басты басымдық коммуналдық және ауылшаруашылық үлгілерге берілген. Жаңа техникаларды облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қарап шықты.
Аймақ басшысы автокөліктердің жаңа үлгілері қала ішінде ғана емес, республиканың өзге аймақтарында да қызығушылық тудыруы мүмкін екенін айтты.
«Семаз» ЖШС-нің маркетинг жөніндегі менеджері Самат Секенов атап өткендей, кәсіпорын ауылшаруашылық техникасы үлгілерінің бірнеше нұсқасын құрастыруды меңгерген.
Бұл ретте тұтынушыдан сұраныс пен техникалық тапсырма болса, кәсіпорын техниканы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтай алатынын айтады.
«Хазипов» ЖК басшысы Рафаил Хазипов тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға арналған машинаның сапасы жоғары екенін және сатып алуға дайын екенін атап өтті.
- Мен бұл салада өте ұзақ уақыт жұмыс істеп келемін және ұсынылып отырған техниканың сапасы жақсы деп айта аламын. Жақында қалаға еуропалық стандартқа сай 2000 қоқыс жәшігі келетіндіктен, арттан тиейтін жүк көліктеріне тапсырыс бердік. Үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанына дейін компания бізді осындай жүк көліктерімен қамтамасыз ете алады, – деді Рафаил Хазипов.