Қазақстандағы референдум ұзақ мерзімді саяси трансформация үдерісін көрсетеді — бакулік саясаттанушы
Фото: Серікбол Қошмағанбетов/Kazinform
Әзербайжандық саясаттанушы Заур Мамедовтің пайымынша, Қазақстанда 15 наурызда өтетін референдум елдің саяси эволюциясының келесі маңызды кезеңі әрі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытының заңды жалғасы саналады. Бұл туралы ол Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздік жылдары ішінде саяси тұрақтылық пен басқарудың тиімділігін қамтамасыз еткен мемлекеттік институттардың тұрақты жүйесін қалыптастырды. Сонымен қатар, өзгеріп жатқан халықаралық жағдай мен дамудың жаңа міндеттері саяси жүйені одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Осы орайда сарапшы соңғы жылдары елде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен біртіндеп саяси жаңғырту бағыты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Реформалар саяси басқарудан бастап, экономика мен ұлттық қауіпсіздікке дейінгі кең ауқымды бағытты қамтиды.
— Осы тұрғыда алдағы референдумды елдің саяси жүйесін жаңартудың кеңірек үдерісінің бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Ұсынылып отырған өзгерістер биліктің негізгі институттары — Президент, Парламент және сот жүйесі арасындағы өкілеттіктерді нақтылау мен қайта бөлуді көздейді, — дейді саясаттанушы.
Мамедовтің пікірінше, билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды түзету мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, стратегиялық шешімдер қабылдау тетігін жақсартуға ықпал етуі мүмкін.
Саясаттанушы сондай-ақ Қазақстанда болып жатқан үдерістердің бүкіл өңір үшін де маңызы зор екеніне назар аудартты. Қазақстан Еуропа мен Азияның арасында стратегиялық орынға ие және Ресей мен Қытай сияқты ірі әлемдік күш орталықтарымен шектеседі, сондай-ақ түркі әлемі елдерімен белсенді ынтымақтастық орнатып отыр.
— Қазақстандағы кез келген саяси өзгеріс өңірдегі ахуалға бірден әсер етеді. Ел әртүрлі мемлекеттер мен халықаралық ойыншылардың мүдделері тоғысқан жерде орналасқан, — деді сарапшы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Орталық Азияға ықпал ету үшін бәсекелестіктің күшейгені байқалады. Қазақстанмен серіктестік қатынастарды дамытуға АҚШ, Еуропалық одақ, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия және араб әлемі елдері мүдделі. Сөз ең алдымен өзара тиімді экономикалық және саяси ынтымақтастық туралы болып отыр. Ол өзара сыйластық пен барлық тараптың ұлттық мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген.
Сонымен қатар сарапшы кейбір шетелдік сараптамалық орталықтардың Қазақстандағы ішкі реформаларды мұқият бақылап, қабылданып жатқан шешімдерді белсенді талқылап отырғанын атап өтті.
— Дегенмен, алдағы референдум — Қазақстанның ғана ішкі ісі және ел халқының егемен құқығы. Соңғы шешім азаматтардың ерік білдіруі арқылы анықталады, — деді саясаттанушы.
Оның атап өтуінше, жүргізіліп жатқан реформалар билік тармақтары мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған және ол жүйенің ішкі және сыртқы сын-қатерлерге тиімді жауап беру қабілетін арттыруы тиіс. Референдум өткізу — елдің саяси жүйесін жаңғырту үдерісіндегі табиғи қадам. Дауыс беру нәтижелері көп жағдайда Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы, мүмкін алдағы 30–50 жылдағы даму бағытын ақындайды, — деп түйіндейді ойын Заур Мамедов.