Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
472.31 543.72 5.86

Абай облысында Курчатовты ғылым қалашығы ретінде дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында ғылым, инновацияларды дамыту шаралары 2026-2030 жылдарға арналған өңірді дамыту жоспарына енгізілді. Өңірде ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Кеңесті облыс әкімі Берік Уәли басқарады.

Бүгін Семей қаласында аталған кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин арнайы келсе, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенттері Абай Серікқанов және Елена Шевченко Zoom арқылы қатысты.

Кеңес отырысында «2027-2035 жылдарға арналған Курчатов ғылым қалашығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы»және өңірлік ғылымды дамыту мәселелері қаралды.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы Абай облысында ғылым саласын дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Жаңа Конституциямызда білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танылды. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми ұйымдармен, бизнес-ортамен бірлесе отырып ғылымды дамытуға қажетті жағдай жасауға міндетті. Ал ғалымдардың әзірлемелері экономикаға енгізіліп, ел игілігіне нақты пайда әкелуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «ғылым – жалпыхалықтық іс», – деді Берік Уәли.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстанда бірде бір ғылым қалашығы жоқ екенін атап өтіп, Үкіметке бұл бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында Президент  Курчатов қаласында ғылым қалашығын құруға арналған жоспар әзірлеуді жүктеген еді. 2025 жылғы 24 желтоқсанда Үкімет қаулысымен 2026–2035 жылдарға арналған Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құрудың және дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру қарастырылған. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен кездесуде Президент Курчатов қаласына  ғылым қалашығы мәртебесін беру туралы жұмыс басталғанын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Атом энергиясы жөніндегі агенттік, Абай облысы әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық ғылым академиясы бірлесіп кешенді жоспардың жобасын дайындады.

Жоспардың негізгі бағыттары туралы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин баяндады.

Курчатов – бұл жай ғана қала емес. Бұл – ғылым мен технологияның тарихи және стратегиялық орталығы. Мұнда Ұлттық ядролық орталығы және Ядролық технологиялар паркі жұмыс істейді. Оларда бірегей ғылыми инфрақұрылым қалыптасқан: зерттеу реакторлары, заманауи зертханалар, эксперименттік кешендер және қазақстандық термоядролық токамак орналасқан.

Ғылыми қалашықты дамыту аясында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды дамыту өте маңызды. Осы бағытта облыс әкімдігі тиісті дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. 2025-2029 жылдарға арналған, 76 жобадан тұратын жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын Курчатов қаласының даму жоспары әзірленді. Ірі инвестициялық жобалардың қатарында 700 МВт электр қуатын өндіретін станция құрылысы, көмір-химия кешені және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары бар. Бұл жобалар 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қалада жолдар жаңартылып, жарықтандыру және интернетпен қамту жұмыстары толық аяқталған. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, спорт және білім беру инфрақұрылымы дамытылуда. «Дегелең» станциясында теміржол перронын жаңарту және жаңа вокзал ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Көпқабатты үйлердің аулаларына спорт және балалар ойын алаңдары орнатылып, абаттандыру жұмыстары мен тұрғын үйлердің, ғимараттардың қасбеттерін жөндеу жалғасын табуда. Жылу жүйесі мен ауыз су мәселесі кезең кезеңімен жөнделіп келеді. Бос тұрған көп қабатты тұрғын үйлерді тиімді пайдалану мақсатында қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру туралы тапсырмасы Абай облысының ғылыми әлеуетін толық іске асыруға, заманауи өндірістерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдің экономикалық өрлеуіне зор мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – ғылым, бизнес және өндіріс арасында тиімді әріптестік құрып экономиканың нақты қажеттіліктерін шешу. Ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, өңірдегі университеттерді қолдау, зерттеу инфрақұрылымды дамыту, ғалымдардың жағдайын жасау – алдағы жұмысымыздың басымдықтары болады», – деді облыс әкімі жиынды қорытындылаған сөзінде.

Жиын қорытындысы бойынша Берік Уәли кешенді жоспарды кеңес отырысында айтылған ұсыныстармен толықтырып, Курчатов қаласында инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және кадрлық әлеуетті арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив