Абай облысында конституциялық құндылықтар мен жастардың құқықтық мәдениеті талқыланды
Семей қаласында Alikhan Bokeikhan University базасында Қазақстан Республикасы Конституциясын насихаттауға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және жастардың азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған «Constitution Talk: Жастар және құқық» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы және жастар ұйымдары қатысты. Диалог алаңы қоғам өміріндегі Конституцияның рөлін және жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін ашық талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесуді ашқан Абай облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев конституциялық реформаларды жүзеге асыру тек институционалдық өзгерістермен шектелмей, әр азаматтың жеке қатысуын талап ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, қоғам дамуының негізгі факторы – тәртіп пен жүйелілік.
«Марафондағыдай, үлкен қашықтықты бірден еңсеру мүмкін емес. Ол үшін кезең-кезеңімен дайындық қажет. Қоғамдық үдерістерде де дәл солай: табандылық, белсенділік және өз-өзіңмен тұрақты жұмыс маңызды», – деді ол.
Олжас Бейсенбаев елдегі азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын, оның ішінде референдумдар мен сайлауларға қатысу арқылы көрініс табатынын атап өтті. Мұндай тетіктер халықтың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын күшейтіп, демократиялық дамудың негізін қалыптастыратыны айтылды.
Сондай-ақ азаматтардың күнделікті жауапкершілігінің маңызына ерекше назар аударылды. Спикер конституциялық қағидаттарды іске асыру қарапайым әрекеттерден басталатынын, атап айтқанда тәртіп сақтау, қоғамдық өмірге қатысу және қоршаған ортаға ұқыпты қарау арқылы көрінетінін жеткізді.
«Конституция – бұл тек құжат емес, ол – күнделікті өмір тәжірибесі. Оның құндылықтары біздің іс-әрекеттерімізден көрініс табуы тиіс», – деді ол.
Заңгер Назигүл Ғазизова өз сөзінде Конституцияның құқықтық мәніне тоқталып, оны әр азаматтың өз бетінше оқып, терең түсінуінің маңыздылығын атап өтті.
«Жиі кездесетін қателіктердің бірі – құқықтық нормаларды әлеуметтік желілер мен пікірлер арқылы қабылдау. Конституцияны өз бетінше, саналы түрде оқып, мазмұнын түсіну қажет», – деді спикер.
Ол Конституцияны мемлекеттің «паспорты», азаматтар мен мемлекет арасындағы қоғамдық келісім ретінде сипаттап, онда тараптардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар Конституция қоғам дамуының кезеңдерін бейнелейтінін және уақыт талабына сай жаңартылып отыратынын айтты.
Сайлау мәдениетін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Назигүл Ғазизованың айтуынша, соңғы жылдары азаматтардың құқықтық және саяси сауаттылығы айтарлықтай артқанымен, әсіресе жастар арасында жүйелі түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі сақталып отыр.
Shakarim University жанындағы Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева жастармен өзара іс-қимылдың заманауи тәсілдерінің маңыздылығына тоқталды. Оның ішінде цифрлық платформаларды пайдалану және креативті форматтарды енгізу қажеттігі айтылды.
«Жастарды тек ақпараттандырып қана қоймай, оларды талқылауға тарту, өз ұстанымын қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға ықпал ету маңызды», – деді ол.
Оның айтуынша, жастардың Конституция мазмұнымен танысу деңгейі әлі де жеткіліксіз, сондықтан құқықтық ағартушылықты күшейтіп, жаңа тәсілдерді енгізу қажет.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар конституциялық реформалар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық мәдениет пен азаматтық белсенділікті дамыту мәселелерін талқылады. Ашық диалог форматында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сарапшылармен пікір алмасты.
Іс-шара қорытындысында мұндай алаңдардың құқықтық сананы қалыптастырудағы, демократиялық құндылықтарды нығайтудағы және жастарды қоғамдық-саяси үдерістерге тартудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.

