Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру тәртібіне енгізілген өзгерістердің күшіне енгенін хабарлады.
Департамент өкілі Жанболат Ахметовтың айтуынша, жаңа өзгерістер декларацияны толтыру рәсімдеріне, сондай-ақ онда көрсетілген мәліметтерді өзгерту мен толықтыру тәртібіне қатысты енгізілген.
Аталған өзгерістер 2026 жылғы 17 наурыздағы №34 «Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру тәртібіне және жолаушылар кедендік декларациясында мәлімделген мәліметтерді өзгертуге (толықтыруға) байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібіне өзгерістер енгізу туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешімімен қабылданған.
Спикердің айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі – IMEI-кодтарды көрсету талабына қатысты. Атап айтқанда, 2026 жылғы 19 сәуірден бастап (ресми жарияланған күннен кейін 30 күн өткен соң) жеке тұлғалар келесі тауарларды елге әкелген кезде жолаушылар кедендік декларациясында IMEI-кодты міндетті түрде көрсетуі тиіс:
- смартфондар;
- ұялы телефондар;
- ұялы байланыс функциясы бар планшеттер.
IMEI-код декларацияның арнайы бағанында көрсетілуі қажет.
Сонымен қатар, мекенжай түрлерінің кодтарын көрсетуге қатысты өзгерістер 2027 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді.
Департамент өкілі жаңа талаптардың маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды алып өту кезінде осы өзгерістерді ескеруге шақырды.