Мәжіліс «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулерін бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ екінші оқылымда депутаттар бастамашылық еткен ғылым мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.
«Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. Құжатты депутаттарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова таныстырды.
– Жаңа заң алғаш рет Қазақстанда кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің құқықтық негізін белгілейді. Олардың мәртебесі, қызмет шарттары, тәуелсіздік, ашықтық және есептілік талаптары айқындалады. Кредиттік рейтингтерді кредиттік сын-қатерлерді бағалау және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде инвесторлар, банктер және қаржы реттеушілері кеңінен қолданады, – деді Агенттік басшысы.
Заң жобасы нарықтың жаңа институционалдық моделін енгізеді. Ол Ұлттық банктің қатысуымен қазақстандық рейтингтік агенттік құруға, сондай-ақ шетелдік және халықаралық агенттіктерді тануға құқықтық негіз қалайды. Соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының кемінде бес елінде мойындалған халықаралық агенттіктер де қамтылады.
Бұл ретте кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу мен қадағалаудың толық циклі қалыптасады. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану, мониторинг жүргізу және тануды қайтарып алу, сондай-ақ рейтингтік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау өкілеттіктері беріледі.
Халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктердің нарыққа кіруі үшін кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, меншікті капиталдың жеткілікті деңгейі және басқа да біліктілік талаптары белгіленеді.
Қазақстандық рейтингтік агенттік үшін заңнама аясында жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар айқындалады. Жарғылық капитал шамамен 10 млрд теңгені құрайды деп күтілуде, бұл басқа елдердегі ұқсас агенттіктердің тәжірибесіне сәйкес келеді.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельева рейтинг беру тек бекітілген әдіснама негізінде жүзеге асырылатынын нақтылады. Сонымен қатар әдіснаманы тұрақты түрде жаңарту, өзгерістерді көрсету және рейтингтерге әсер ететін қателіктер туралы ақпаратты жариялау талаптары енгізіледі.
– Тәуелсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Рейтингтік агенттіктерге өздерінің негізгі функциясы – рейтинг беруде мүдделер қақтығысын болдырмау үшін консультациялық қызмет көрсетуге тыйым салынады. Егер мұндай жағдай туындамайтын жағдайларда жекелеген сабақтас талдау және зерттеу қызметтеріне рұқсат етіледі, – деді Мәжіліс депутаты.
Баяндамашылар ұсынылып отырған заң жобасы кредиттік рейтингтердің ашықтығын, тәуелсіздігін және сапасын қамтамасыз етуге бағытталған рейтингтік қызметті реттеудің жүйелі моделін қалыптастыратынын атап өтті. Құжаттың қабылдануы ішкі капитал нарығын дамытуға институционалдық негіз қалыптастырып, инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, қаржы жүйесіне деген сенімді арттырады.
Талқылау барысында депутаттар ұлттық рейтингтік жүйені енгізу қаржы ұйымдары үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашатыны, халықаралық рейтингтері бар банктерді ұлттық рейтингті пайдалануға ынталандыру шаралары туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ депутаттар Ұлттық банктің қазақстандық рейтингтік агенттік акционерлерінің қатарында болуының негізділігі мен оның болжамды үлесі жөнінде пікір білдірді. Агенттіктердің сапасыз рейтинг бергені үшін қандай жауапкершілік арқалайтыны және басқа да мәселелер сөз болды.
Пікірталас қорытындысы бойынша депутаттар заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Жұмыс тобының отырыстарында құжатқа қатысты жұмыс жалғасатын болады.
Сонымен қатар екінші оқылымда ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған, ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулары бар депутаттық заң қабылданды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым қалашықтарын құру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы іске асыру үшін біз заңға алғаш рет «ғылыми аумақ» ұғымын енгізіп отырмыз. Ол жеке елдімекен – ғылым қаласы (Курчатов сияқты) немесе ғылыми-технологиялық парк форматында болуы мүмкін, – деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, мұндай аумақтар үшін жеңілдіктер мен арнайы жағдайларды қамтитын кешенді қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, инновацияларды мемлекеттік қолдау, арнайы білім беру гранттарын бөлу, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алу мүмкіндігі көзделген. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми зерттеуден бастап өндіріске енгізу мен коммерцияландыруға дейінгі толыққанды экожүйе қалыптасады.
Сонымен қатар ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімдерін есептеу тәртібі заң арқылы жетілдіріледі. Енді ғылыми жобаның басталуы күнтізбелік жылдың басынан емес, келісімшарттың нақты жасалған күннен бастап автоматты түрде айқындалады.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Ұлттық ғылым академиясының қызметін тежеп отырған бірқатар мәселе шешілуде. Бұл оның мүлкін қалыптастыру тәртібін нақты реттеуге, басқару тетіктерін жүйелеуге және тұрақты қаржыландыру көздерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру жүйесіндегі жауапкершілік пен мемлекеттік бақылау күшейтіледі.
Заңда ғалымдардың өз қызметін дербес жоспарлау, нәтижелерді еркін жариялау құқығын және академиялық еркіндікті бекітетін нормалар енгізілген.
Сондай-ақ «ұжымдық пайдаланылатын зертханалар» ұғымы мен мұндай зертханаларды барлық ғалымдар үшін қолжетімді етуге мүмкіндік беретін тиісті тетік бекітіледі. Ал дарынды балалар мен пәндік олимпиадалар бойынша ұлттық құрамалар мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану құқығына ие болады.
Асхат Аймағамбетов заңның денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын да қамтитынын айтты. Атап айтқанда, дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі 210 күннен 100 күнге дейін айтарлықтай қысқарады, халықаралық реттеушілер мақұлдаған жаңа препараттарды тіркеудің жеделдетілген рәсімі енгізіледі. Бұдан бөлек, ұзақ уақыт бойы комада жатқан азаматтардың жақын туыстары немесе жұбайлары олардың атынан мүгедектік тобын белгілеу үшін куәландыруға өтініш бере алады. Бұл оларға тиісті жәрдемақылар мен техникалық оңалту құралдарын алуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті депутаттар бастамашылық еткен селекциялық жетістіктерді қорғау туралы ілеспе түзетулері бар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс қорытындысы бойынша депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 13 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланды.