Мәжілісте инклюзивті білім беруді қалыптастыру мен дамыту мәселелері талқыланды
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен инклюзивті білім беруді қалыптастыру мен дамытудың проблемалары, соның ішінде педагогикалық кадрларға әдістемелік қолдау көрсету мәселесі талқыланды. Тақырыптық отырыс «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасымен жұмыс аясында өтті.
Отырыста Асхат Аймағамбетов қазіргі таңда Мәжілісте «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы қаралып жатқанын, аталған құжат қоғамда кең ауқымда пікірлер туғызып отырғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, жұмыс тобы аясында жобаның мазмұнына қатысты баламалы көзқарастар мен тәсілдер қалыптасқан. Осыған байланысты Асхат Аймағамбетов бүгінгі талқылаудың басты міндеті – құжат бойынша нақты ұсыныстар мен позициялар әзірлеу екенін жеткізді.
– Алдын ала талдау көрсеткендей, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен кәсіби стандарттар арасында айтарлықтай алшақтық бар. Бірқатар маңызды дағдылар мен қажетті құзыреттер тиісті деңгейде қамтылмаған. Әсіресе, аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс істейтін мамандар мен педагогтарды даярлау бағдарламаларын жүйелі түрде жаңартып отыру өзекті мәселе болып отыр, – деп атап өтті депутат.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың мәліметінше, бүгінде елде ерекше қажеттіліктерге ие 237 мың бала бар. Олардың 193 мыңнан астамы инклюзивті білім беру жағдайында оқыса, 17 мыңға жуық бала дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде үй жағдайында білім алады.
– Қазақстанда инклюзивті және арнайы білім беруді іске асыру тәжірибесі барлық баланың сапалы әрі тең білім алуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселелердің бар екенін айқындап берді. Оларды шешу жолдары қаралып жатқан заң жобасында қамтылған, – деді Оқу-ағарту вице-министрі.
Заң жобасында осы саладағы бірқатар маңызды жаңашылдықтар ескерілген. Олардың қатарында – ертерек анықтау және ерте бастан қолдау жүйесін дамыту, кешенді сүйемелдеу үшін дербес қолдау жоспарын қалыптастыратын интеграцияланған модульді енгізу, сондай-ақ арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін ұйымдарды лицензиялау да қамтылған. Құжат инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған.
Тақырыпты жалғастырған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова өз баяндамасында инклюзивті білім беру жүйесі үшін арнайы педагогтарды даярлау мәселелеріне тоқталды. Вице-министр оны жүзеге асыру үшін білім беру бағдарламаларын жетілдіріп, жаңа бағыттарды енгізу және жоғары оқу орындарының әлеуетін нығайту қажеттігін атап өтті. Гүлзат Көбенова кадрларды даярлаудың практикалық бөлігін күшейтуге ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мамандарды еңбек нарығының талаптарына бейімдеу және олардың кәсіби тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері әлі күнге дейін өзекті болып отыр.
Өз кезегінде заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смолякова инклюзивті білім беру жүйесіндегі мазмұндық алшақтықтарды, педагогикалық кадрлардың даярлық деңгейінің төмендігін және заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті.
– Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру мәселесі көбіне тек инфрақұрылым тұрғысынан бағаланады, алайда негізгі түйткіл білім берудің мазмұны мен педагогтерді даярлаудың сапасында жатыр. Іс жүзінде оқытушылардың әдістемелік дайындығының жоқтығы анық байқалады. Сондықтан білім беру бағдарламаларын бейімдеу және педагогтарды нақты әдістемелік базамен қамтамасыз ету – басты міндет. Инклюзия тек білім беру саласымен шектелмей, адам құқықтарына негізделген кешенді саясат ретінде қарастырылуға тиіс, – деді Мәжіліс депутаты.
«Ерекше балалар ата-аналарының одағы» РҚБ төрайымы Рауан Сағадиева ұсынылып отырған заң жобасына қатысты сыни пікір білдірді. Оның айтуынша, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларды жаңа құрылымдармен алмастыру орынсыз болады, өйткені бұл мазмұндық өзгерістер әкелмейді. Ол ПМПК-ны бір реттік диагностикадан балаларды жүйелі қолдауға көшіру арқылы реформалаудың тиімдірек екенін айтты.
Сондай-ақ Рауан Сағадиева заң жобасында ұсынылған кешенді тәсілді қайта қарап, лицензиялаудың формалды тәсілін арнайы аккредиттеумен алмастыруды ұсынды.
Талқылау барысында депутаттар ауылдық жерлердегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жағдайына, соның ішінде оларды оқыту мен қолдаудың нақты тетіктеріне назар аударды. Сондай-ақ мұндай балалардың ата-аналарын даярлау бағдарламаларын іске асыру, олардың әлеуметтік бейімделуі және кейіннен еңбекке араласуы мәселелері көтерілді. Жиынға қатысушылардың айтуынша, бұл бағытта анағұрлым жүйелі және атаулы тәсіл қажет.
Отырысты қорытындылай келе, Асхат Аймағамбетов инклюзивті білім беру саласында басты назарды инфрақұрылымдық шешімдерден мазмұн мен нақты қолдау тетіктеріне аудару қажеттігін атап өтті. Депутат негізгі мәселелердің қатарында білім беру бағдарламаларын жаңартуды, кадрлардың әдістемелік даярлығын күшейтуді, ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуды, цифрлық интеграцияны енгізуді және мәдениет пен спорт салаларын қамтуды кеңейтуді атап өтті. Комитет бұл бағыттағы жұмысты сарапшылармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастыратын болады.