Абай облысында әлеуметтік төлемдер 56 млрд теңгеден асты
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Абай облысы бойынша филиалының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өңір тұрғындарына зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар түрінде 56,6 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Әлеуметтік қолдауды 279 мыңнан астам адам алып отыр.
Осылайша, мемлекеттік төлемдер өңір халқының едәуір бөлігін қамтып, әлеуметтік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.
Қаражаттың басым бөлігі зейнетақы төлемдеріне тиесілі – 50,5 млрд теңгеден астам, ал мемлекеттік жәрдемақыларға 6,1 млрд теңгеден аса қаражат бағытталған.
Ай сайын төлемдерді қамтамасыз етуге шамамен 21,4 млрд теңге жұмсалады. Бұл жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың тұрақтылығы мен жүйелілігін көрсетеді.
Жыл басынан бері облыс бойынша ХҚКО-ларға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін 16 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл қызметтердің халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін аңғартады.
«Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау жұмыстары штаттық режимде жүргізілуде. Қызметтер уақытылы әрі толық көлемде көрсетілуде», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Мұрат Үмірзахов.
Айта кетейік, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау үшін өтінішті ХҚКО-ға барып тапсыру қажет.