Сенаторлар ТМД ПАА комиссияларының отырыстарына қатысты
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты.
Нұртөре Жүсіп Мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі комиссияның отырысында әріптестерімен бірге балаларды зиянды ақпараттан қорғауға, туризм мен архив ісін дамытуға бағытталған модельдік заң жобаларын, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастық пен мәдени бастамалар мәселелерін талқылады.
Алтынбек Нухұлы Ғылым және білім жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. Оның барысында дарынды жастарды қолдау, жастарды кәсіптік бағдарлау саласындағы нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру, сондай-ақ модельдік заңнамалық актілерді әзірлеу мәселелері қаралды.
Ләззат Рысбекова Экономика және қаржы жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. Онда стратегиялық жоспарлау, электрондық қолтаңба, трансшекаралық банкроттық және платформалық жұмыспен қамту салаларындағы модельдік заң жобалары қаралды.
Отырыстардың қорытындысы бойынша қатысушылар парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың және ТМД аясындағы модельдік заңнаманы жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.