ІІМ-де әкімшілік полиция қызметінің бірінші тоқсандағы жұмыс нәтижесі қаралды
Ішкі істер министрлігінде әкімшілік полиция қызметінің жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы қаралды.
Кеңес ІІМ орынбасары Игорь Лепеханың төрағалығымен өтті. Жиынға ІІМ ӘПК басшылығы, аумақтық полиция департаменттері басшыларының орынбасарлары және саптық бөлімшелердің командирлері қатысты.
Кеңес барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланып, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар “Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру, қоғамда құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" мәдениетін қалыптастыру және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларға ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, ІІМ Басқару академиясының базасында әкімшілік полиция қызметкерлері үшін заңнамалық өзгерістер мен қызмет бағыттарына қатысты өзекті мәселелер бойынша семинар ұйымдастырылды. Онда заңнаманы қолдану тәжірибесін жетілдіру және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған тәсілдер түсіндірілді.
Кеңес барысында көтерілген барлық мәселе бойынша тиісті құрылымдарға нақты тапсырма беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны атап өтілді.
Қабылданған шаралар әкімшілік полиция қызметінің тиімділігін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сапасын күшейтуге бағытталған.