Мәжіліс өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі заң жобасын қарайды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.
Бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасын қарау ұсынылады. Құжатты Парламент депутаттары мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін құқықтық реттеуді жетілдіру, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысу деңгейін арттыру, сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдіктер қызметінің есептілігі мен ашықтығын күшейту мақсатымен әзірледі.
Сондай-ақ депутаттардың талқылауына 2025 жылғы 29 мамырда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Оман Сұлтандығының үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім және оның Хаттамасы енгізіледі. Құжаттар салық төлеуден жалтаруға қарсы іс-әрекет бөлігінде халықаралық стандарттарды сақтауға және екі елдің құзыретті органдары арасында тиімді ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, депутаттар 2024 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді қарайды. Құжат ЕАЭО мен үшінші елдердің кедендік шекаралары арқылы тауар тасымалдау кезінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін бірыңғай транзиттік жүйені қалыптастыруды көздейді.
Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы бойынша Мәжіліс «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заң жобасын да жұмысқа қабылдайды.